Қостанай облысы ПД бастығы өңір әкімдерімен кездесті
Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы өңірдің қалалары мен аудандарының әкімдерімен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция генерал-майоры Ерлан Файзуллин жұмыс сапарымен Лисаков, Рудный қалаларының және Ұзынкөл, Меңдіқара аудандарының аумақтық бөлімшелеріне барды. Жасалған сапардың басты мақсаты — әкімдермен кездесу болды. Оның барысында учаскелік пункттер мен полиция бөлімдерін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері талқыланды.
Қалалар мен аудандарды бейнебақылау камераларымен жабдықтауға ерекше назар аударылды. Полицейлерді заманауи қызметтік автокөліктермен және жұмысқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, бұл қылмыстың алдын алу мен құқық бұзушылықты ашуды жақсарта отырып, полиция жұмысына оң әсер етеді. Бүгінде өңірде 15 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Соның нәтижесінде өткен жылы 500-ге жуық қылмыс ашылып, 56 мыңнан астам қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтары анықталды.
— Қазіргі заманғы байланыс құралдары мен автокөлік полиция жұмысының тиімділігінде шешуші рөл атқарады. Біздің қызметкерлер азаматтардың хабарламаларына жедел ден қою үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталуы тиіс, - деп атап өтті Ерлан Файзуллин.
Әкімдермен өткен кездесулер барысында полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жақсарту бойынша шешімдер әзірленді.
Лисаков қаласында генерал Файзуллин 5 мыңға жуық адам тұратын екі шағын ауданға қызмет көрсететін № 2 учаскелік пункттің жұмысын тексерді. Ол учаскелік полиция инспекторларының құқық бұзушылықтың алдын алудағы рөлінің маңыздылығын атап өтіп, олардың жергілікті тұрғындармен белсенді өзара іс-қимыл жасауы тиіс екенін айтты.
— WhatsApp-тағы үй-ішілік чаттар секілді заманауи технологиялар ақпарат алмасудың маңызды құралына айналуда. Учаскелік бөлімшелер оларды тұрғындарды алдын алу шаралары, заңнамадағы өзгерістер және басқа да маңызды ақпарат туралы хабардар ету үшін пайдаланады, — деп өз сөзін толықтырды.
Рудныйда Ерлан Файзуллин азаматтардың жеке қабылдауын өткізді, онда жергілікті тұрғын, ІІО зейнеткері Валерий Михайлович Коновалов балалардың жол-көлік жарақаттарының деңгейін төмендету үшін мектептер маңындағы жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша бірқатар бастамаларды ұсынды.
Ұсыныстар әрі қарай саралану үшін департаменттің тиісті қызметтеріне жіберілді.
Аумақтық бөлімшелердің жеке құрамымен кездесу барысында генерал Файзуллин Ішкі істер министрінің талаптарын орындаудың маңыздылығын атап өтіп, осы жыл "Профилактика жылы" болып жарияланғанын айтты.
— Құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға назар аудару қажет. Біз құқық бұзушыларға мүлдем төзбеушілік танытып, тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтауымыз керек, — деді ол.
Сонымен қатар ПД бастығы тәртіпті сақтауға, полицейлердің заңдылығы мен жауынгерлік дайындығын ұстап тұруға баса назар аударды.
— Қазіргі полиция қызметкері — бұл екі тілді және өзін-өзі қорғау дағдыларын меңгерген физикалық дайындалған қызметкер ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі жетілдіруге қабілетті адам. Тек өзін-өзі тәрбиелеу арқылы ғана кәсібиліктің жоғары деңгейіне қол жеткізуге болады, — деп атап өтті ол.
Қостанай облысы полиция департаменті бастығының жұмыс сапарлары жалғасатын болады.