Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысы ПД бастығы өңірдегі қылмыстық ахуал мен тәртіпті сақтау шаралары жөнінде есеп берді

Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин өңірдегі қылмыстық ахуал мен тәртіпті сақтау шаралары жөнінде есеп берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол құқық бұзушылықтардың алдын алу, жаңа әдістерді енгізу және халықпен өзара іс-қимылды күшейту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Полиция департаментінің бастығы өңірдегі жедел жағдай тұрақты екенін және қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі жалғасып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, тонау, ұрлық, көлік ұрлау, алаяқтық және бопсалау фактілері азайды.

- Қылмыстың тұрақты төмендеуі – құқық қорғау органдарының тиімді жұмысының және халықпен тығыз байланысының нәтижесі, – деп мәлімдеді Ерлан Файзуллин.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманың қатаңдатылғанына қарамастан, бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. 2024 жылы осы санаттағы құқық бұзушылықтар саны 2,5 есеге артқан. Жыл ішінде полиция 6 мыңнан астам отбасылық жанжал туралы арыз қабылдады.

- Отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылғандар саны 33%-ға өсті. Бұл 5 мыңнан астам адамды құрайды, – деді департамент басшысы.

Жәбірленушілерді қорғау мақсатында 8 мыңнан астам адамға қорғау ұйғарымдары шығарылып, 1700-ден астам агрессор 30 тәулікке дейін қамауға алынды. Сонымен қатар Қостанайда зорлық-зомбылық құрбандарына арналған жаңа орталық ашылып, онда әйелдер мен балаларға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі.

Соңғы жылдары интернет-алаяқтық өрши түсуде. 2024 жылы мұндай қылмыстар өңірдегі құқық бұзушылықтардың 25%-ын құрады. Полиция жүргізген жедел іс-шаралар барысында 74-тен астам алаяқтық фактісіне қатысы бар 25 адам ұсталды.

- Киберқылмысқа қарсы күресті күшейту мақсатында "Кибербақылау" жүйесі арқылы 9153 заңсыз сайт сілтемесі бұғатталды, – деп хабарлады Ерлан Файзуллин.

Аймақтағы есірткі жағдайы бақылауда. 2024 жылы 260 келіден астам есірткі тәркіленіп, оның ішінде 4 кг-нан астамы синтетикалық есірткі болған. Сондай-ақ, заңсыз есірткі өндірісімен айналысқан 4 зертхана жойылды.

- Есірткі қылмысына байланысты 102 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 3-еуі кәмелетке толмағандар, – деп мәлімдеді департамент басшысы.

Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар аясында білім беру және денсаулық сақтау мекемелерімен, еріктілер ұйымдарымен бірлескен 120-ға жуық шара өткізілді. Сонымен қатар қала көшелерінен 3 мыңнан астам есірткі жарнамасы бар граффити жойылды.

Жолдағы қауіпсіздік – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. 2024 жылы өңірде 1176 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 79 адам қаза тапқан, 1517 адам түрлі деңгейде жарақат алған.

- Жол апаттарының 95%-ына жүргізушілер кінәлі. Өткен жылы жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері 14%-ға артты, – деп атап өтті Ерлан Файзуллин.

Жолдағы тәртіпті жақсарту мақсатында "жасырын патрульдеу" және дрондарды қолдану сынды жаңа бақылау әдістері енгізілді.

Баяндама барысында полицияның қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейтіні айтылды. Ерлан Файзуллин азаматтарды заң бұзушылықтармен күреске белсенді қатысуға шақырды.

- Біз кез келген құқық бұзушылық туралы хабарламаларды күтеміз. Қылмысқа нөлдік төзімділік танытып, заң бұзушылықтар туралы полицияға жедел хабарлау – барлығымыздың ортақ міндетіміз, – деп түйіндеді ол.

Баяндама аяқталғаннан кейін өңір тұрғындары әлеуметтік желі арқылы өз сұрақтарын қойып, полиция басшылығымен тікелей эфирде пікір алмасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру