Қостанай облысы ПД-да медиацияны дамыту мәселелері бойынша конференция өтті
Қостанай облысында медиацияның арқасында құқық бұзушылық және әртүрлі ауырлықтағы 20 қылмыстық іс тоқтатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының полиция департаментінде Қазақстан Республикасында медиацияны дамыту мәселелері бойынша конференция өтті. “Халықаралық келіссөздер академиясы” қауымдастығы” ЗТБ төрағасы Сабыржан Қалмұхамбетовтың жетекшілігімен полиция қызметкерлері мен конференцияға қатысушылар қылмыстық және әкімшілік сот төрелігінде медиацияны қолданудың маңызды аспектілерін талқылады.
Сабыржана Қалмұхамбетов өз сөзінде, “Қазақстан Республикасында медиацияны дамыту” республикалық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасап, медиаторларды мемлекеттік қолдау шараларымен бөлісті және медиацияны дамытудың жаңа тұжырымдамасының жобасы бойынша жұмыстарды таныстырды.
Қостанай облысы ІІД тергеу басқармасының бастығы Нұрлан Арыстанов мұндай іс-шара медиация институтын тереңірек түсінуге және оны күнделікті жұмыста пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қостанай облысы ІІД тергеу басқармасының мәліметінше, биыл медиация нәтижесінде 20 іс тоқтатылды. Оның ішінде 7 құқық бұзушылық, 6 ауыр емес қылмыс және 7 орташа ауырлықтағы қылмыстар.
Сондай-ақ конференцияда жанжалдарды шешудегі медиацияның артықшылықтары, медиаторлар мен құқық қорғау органдарының тиімді өзара әрекеттесу мүмкіндіктері талқыланды. Іс-шара қатысушыларға тәжірибе алмасуға және медиацияны республикалық және өңірлік деңгейде дамыту перспективаларын анықтауға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, “Халықаралық келіссөздер академиясы” қауымдастығы” ЗТБ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” КЕАҚ қолдауымен 2024 жылдың 21-22 мамыр күндері Қостанай қаласында “Қазақстанда медиацияны дамыту” республикалық жобасы аясында бірқатар конференциялар өткізуде. Бұл конференциялардың негізгі мақсаты – Қостанай облысында және жалпы республикада медиация институтының қазіргі жағдайы мен даму болашағын талқылау, проблемалық мәселелерді анықтау және олардың шешу жолдарын табу.
Еске салайық, Қазақстан БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына оның ішінде медиацияны басты элемент ретінде қолдануға қол жеткізу бағытында белсенді жұмыс істеуде. Ел Президенті де Қазақстан халқына жолдауларында медиацияны дамытудың маңыздылығын атап өтеді.
Медиацияны Қазақстандағы дауларды шешудің негізгі элементі ретінде ілгерілету: елімізде медиация институтының енгізілгеніне 13 жылдан асты және ол сот процесінің барлық кезеңдеріне енгізілген. Алайда “Медиация туралы” Қазақстан Республикасының Заңы оны жаңарту қажеттілігіне қарамастан іс жүзінде өзгеріссіз қалып келеді. 2022 жылы енгізілген өзгерістер түбегейлі жаңартулар әкелген жоқ, тек қолданыстағы тәжірибелерді ресімдеумен шектелді. Қазақстанда медиация қазір тоқырауда әрі қордаланған мәселелер көп. Сондықтан елімізде медиацияны дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленуде.
Жоба төрт бөлімнен тұрады: талдау, халықаралық тәжірибені енгізу, медиация саласын дамытуға көзқарас және іс-қимыл жоспарын анықтау. “Халықаралық келіссөздер академиясы” қауымдастығы” ЗТБ төрағасы Сабыржан Қалмұхамбетов осы жобаны әзірлеуші сарапшылар тобына кіреді. Сондықтан Қостанай сапары өңірдегі әрі республикадағы проблемаларды анықтауға, медиация саласы мен осыған қатысты мемлекеттік саясатты реттеуді жетілдіру мақсатында медиаторлар қауымдастығы тарапынан бірлескен ұсыныстар түрінде шешімдерді әзірлеуге бағытталған.