Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысы ПД қызметкерлері қаза тапқан полицейлерді еске алды

Қостанай облысы ПД қызметкерлері қаза тапқан полицейлерді еске алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысы полиция департаментінің ауласындағы естелік обелискісі маңында үнсіздік орнады. Ардагерлер, басшылық пен жеке құрам сап түзеп, еске алу рәсіміне жиналды. Бүгін мұнда басқалардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін қиған жандар еске алынды.

Тәуелсіздік жылдарында Қостанай өңірінен 52 полиция қызметкері қызметтік борышын өтеп жүріп, қайтыс болды. Олардың есімдері Қостанай полициясының тарихына, әріптестері мен достарының, қорғап қалған жандардың жүрегіне мәңгі жазылып қалды.

— Біз олардың ерлігін ұмытпауға міндеттіміз. Бұл азаматтар жай кеткен жоқ – олар біз бейбіт өмір сүрсін деп барын салды. Біз олардың алдында бас иеміз. Олардың ерлігі – әрбір полиция қызметкері үшін үлгі. Олардың екеуі мемлекеттік наградалармен марапатталған:

Медет Досымханов – II дәрежелі "Айбын" орденімен

Дархан Базарбаев – III дәрежелі "Айбын" орденімен (қызметтік борышын атқару кезінде қайтыс болғаннан кейін) Дархан Базарбаевтың ерлігі – батырлықтың символына айналды.

2020 жылғы 19 қаңтарда ол қарулы қылмыскерден бір отбасыны қорғай отырып, ерлікпен қаза тапты. Ол шегінбеді. Ол қорықпады. Ол борышын соңына дейін орындады. Оның бұл әрекеті – болашақ полиция қызметкерлеріне берілетін тағылымды сабақ, тірі аңыз. Бір минут үнсіздіктен кейін көкке үш мәрте оқ атылды – бұл мәңгілікке кеткен ерлерге соңғы рақметіміз іспетті. Бұл обелиск – жай тас емес. Бұл – біздің ар-ожданымыз. Бұл – "полиция болу – өзгенің амандығы үшін құрбан болуға дайын болу" деген үнсіз ескерту.

Қаза тапқандарды еске алу – полиция қызметінің ажырамас бөлігі. Олардың ерлігі – өткен күннің парағы емес, ол - болашақ ұрпаққа жолданған аманат. Ал олардың есімдері аталған сайын – олар тірі, жүрегімізде өмір сүріп жатыр, - деді полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Меңдібаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру