Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында 17 ауыл ішімдіктен бас тартты

Қостанай облысында 17 ауыл ішімдіктен бас тартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысында алкогольге тәуелділікті азайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және салауатты мәдени ортаны қалыптастыруға бағытталған "Мәдени қоғам" жобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Жобаның ең маңызды жетістіктерінің бірі — өңірдегі 17 ауылдың алкогольден толық бас тартуы болды. Бұл ауылдар салауатты өмір салтының үлгісін көрсетіп, өзге елді мекендерге бағдар болып отыр.

Жоба қоғамдық қолдаумен іске асырылып жатыр. Қалалар мен ауылдарда құрметті ақсақалдар, дін өкілдері, белсенді азаматтардан құралған қоғамдық комиссиялар жұмыс істейді. Олар алкогольге тәуелді жандарға көмектесіп, рухани қолдау көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ "Мәдени қоғам" аясында ішімдік сататын орындарға рейдтер ұйымдастырылады. Рейдке полиция, еріктілер мен БАҚ өкілдері қатысады. Түнгі уақытта немесе кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сату бойынша биыл жыл басынан бері 217 заң бұзушылық анықталған.

Облыстық ПД бастығының орынбасары Аманжол Байзақовтың айтуынша, 7 айда мас күйінде жасалған қылмыстар 3,3%-ға азайған. Алайда қоғамдық тәртіпті жиі бұзатын, отбасылық жанжал шығарушылар мен ішімдік ішуге әуес адамдарды бақылау жұмыстары жалғасуда.

Жыл басынан бері сот 2600 адамға алкоголь тұтынуға тыйым салу туралы шешім шығарған, оның ішінде үй жағдайында да.

"Мәдени қоғам" жобасы Қостанай облысында 2024 жылғы қыркүйектен бастап жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты — құқық бұзушылықтың алдын алу, зиянды әдеттермен күресу және салауатты мәдени ортаны дамыту. Облыс тәуелділіктен азат қоғам құру жолында сенімді қадамдар жасауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру