Қостанай облысында адамдарды қаскөйлерден құтқарған азаматтар марапатталды
Қостанай облысында адамдарды қаскөйлерден құтқарған азаматтар марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстың алдын алу үшін әрдайым полиция формасы қажет бола бермейді. Кей жағдайда адамгершілік, қырағылық және дер кезінде жасалған бір ғана қоңырау шешуші рөл атқарады. Осындай азаматтық жауапкершілік танытқан бір топ тұрғын Қостанай облысы полиция департаментінде марапатталды.
Полиция департаменті бастығының атынан алғыс хаттар банк қауіпсіздік қызметінің мамандары Серік Жайсанбай мен Марат Айгеловке, банк менеджерлері Карина Булебаева, Алғаш Конкабаева және Серік Нұртаевқа, сондай-ақ риелторлар Динара Абишева мен Карбоз Нұралыға табысталды. Олар әртүрлі уақытта алаяқтардың ірі қылмыстық схемаларының жолын кесіп, азаматтарды қомақты қаржыдан және баспанасынан айырылып қалудан сақтап қалды.
Алаңдатарлық оқиғалардың бірі қараша айында тіркелген. Қала орталығындағы екі бөлмелі пәтерін шұғыл сатпақ болған зейнеткер әйел риелтор Карбоз Нұралыға жүгінген. Әйелдің айтуынша, қаражатты тез арада "сақтап қалу" қажет болған.
Кейін белгілі болғандай, зейнеткер телефон арқылы әрекет еткен алаяқтардың психологиялық қысымына түскен. Олар банк шотында "күмәнді операциялар" жүріп жатқанын айтып, барлық ақшаны "қауіпсіз шотқа" аудару қажет екеніне сендірген.
Риелтор бұл жағдайдың телефон алаяқтығының классикалық тәсілі екенін бірден аңғарып, уақыт жоғалтпай ақпаратты полицияның киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөліміне жеткізген. Нәтижесінде мәміле дер кезінде тоқтатылып, әйел пәтерін де, жинаған қаражатын да сақтап қалды.
Тағы бір оқиға жуырда банк бөлімшелерінің бірінде орын алған. Банк менеджері Карина Булебаева қатты қобалжып тұрған, телефон арқылы сөйлесе отырып, алаяқтар көрсеткен шоттарға үш миллион теңге аударуға дайындалып отырған егде жастағы әйелді байқайды.
Әңгіме барысында клиенттің бейтаныс адамдардың нұсқауымен әрекет етіп жатқаны анық байқалған. Менеджер зейнеткерді операцияны тоқтатуға көндіріп, бірден полицияға хабар берген. Соның арқасында ірі көлемдегі қаржы сақталып қалды.
Полиция департаментінде атап өтілгендей, марапатталған азаматтардың барлығы қызметтік нұсқаулықтан бөлек, жеке жауапкершілік пен бейжай қарамау қағидатын басшылыққа алған. Бүгінде дәл осындай қырағылық пен сергектік алаяқтардың негізгі нысанына айналып отырған егде жастағы адамдарды қорғаудың ең тиімді жолына айналып отыр.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға құқық қорғау органдарына көрсеткен көмегі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс хаттар табысталды.
Қостанай облысы полиция департаменті өңір тұрғындарын қырағылыққа шақырады. Егер біреудің белгісіз адамдардың қысымында қалып, шұғыл түрде ақша аударуға немесе мүлкін сатуға әрекет етіп жатқанын байқасаңыз — бейжай қалмаңыз. Дер кезінде жасалған бір ғана әрекет біреудің өмірін, баспанасын және соңғы жинағын сақтап қалуы мүмкін.
