Қостанай облысында балалар арасында гольф турнирі өтті
Қостанай облысында балалар арасында гольф турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында балалар мен жасөспірімдер арасында гольфтан есте қаларлық турнир өтті. Жарыс Садовый кенті маңындағы "Гольф спорт мектебі" аумағында ұйымдастырылып, Қостанай, Тобыл қалалары мен жақын маңдағы ауылдардан келген 40-қа жуық спортшыны біріктірді.
Қатысушылар үш жас санаты бойынша сайысып, өз шеберлігін, зейінділігі мен спорттық рухын көрсетті. Турнир облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы басқармасы мен облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты "Гольф спорт мектебінің" қолдауымен өтті. Шара халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні аясындағы іс-шаралардың бір бөлігі болды.
— Гольф — бұл тек спорт емес, балалардың денсаулығын жақсартып, зейінін арттыратын, тәртіпке үйрететін ойын. Мұндай жарыстар жасөспірімдердің оң мінез-құлқын қалыптастырып, теріс жолдан сақтайды, — деді мектеп директорының орынбасары Владислав Кайда.
Турнир достық жағдайда өтіп, әр бала өз деңгейінде бақ сынады. Жеңімпаздар медальдармен, кубоктармен және грамоталармен марапатталды.
— Гольф — мен үшін болашаққа жол. Келешекте жаттықтырушы болып, өз тәжірибеммен бөліскім келеді, — деді турнир жеңімпазы Максим Тарасенко.
Осындай спорттық шаралар — салауатты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам.