Қостанай облысында бес азамат жеке куәлікті онлайн форматта алды
Қостанай облысында бес азамат жеке куәлікті онлайн форматта алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында Қазақстан Республикасының бес азаматы жеке куәлікті онлайн форматта сәтті рәсімдеді. Бұл Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп іске асырып жатқан пилоттық жобаның арқасында мүмкін болды.
Жоба жеке куәліктің мерзімі өтуіне байланысты оны рәсімдеуге арналған ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірін цифрлық форматқа көшіруге бағытталған. Енді қазақстандықтар құжатты үйден шықпай-ақ, Электрондық үкімет порталы немесе egov мобильді қосымшасы арқылы ауыстыра алады.
Онлайн қызмет жеке куәлігінің жарамдылық мерзімі 30 күннен аз қалған немесе мерзімі өткеніне 10 күннен аспаған азаматтар үшін қолжетімді. Өтінім беру процесі толық автоматтандырылған:
пайдаланушы талапқа сай фотосуреті мен қолтаңбасын жүктейді, жеке деректерін растайды, мемлекеттік баж салығын төлейді және қажет болған жағдайда жеделдетілген рәсімдеуді таңдай алады.
Құжаттарды онлайн рәсімдеуге көшу халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезектерді қысқартып, жеке куәлік алуды жеңілдетеді және халықтың цифрлық сауаттылығын арттырады деп күтілуде.