Қостанай облысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Қостанай облысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қаңтар күні Қостанай облысында полиция қызметкерлері облыстық білім басқармасымен бірлесіп, өңірдегі білім беру ұйымдарының өкілдерімен және жекеменшік күзет ұйымдарының қатысуымен жұмыс кездесуін өткізді. Іс-шараның негізгі тақырыбы білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды.
Кездесу барысында қатысушыларға полиция департаментінің күзет қызметін бақылау бөлімінің негізгі функциялары, сондай-ақ білім беру ұйымдарын күзетуді жүзеге асыратын жекеменшік күзет ұйымдарына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қойылатын талаптар түсіндірілді.
Күзет қызметтерін сатып алу бойынша конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне басым назар аударылды. Полиция департаментінің күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Қайрат Шакупов мектептер, колледждер және басқа да оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін конкурстарға қатысу шарттары мен конкурстық құжаттамаға қойылатын өзекті талаптарды атап өтті.
Қатысушылар туындаған сұрақтарға жауап алып, білім беру ұйымдары мен жекеменшік күзет құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылдың практикалық мәселелерін талқылады. Мұндай іс-шаралар білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға және оқу орындарын күзетуді қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.
