Қостанай облысында Дархан Базарбаевты еске алуға арналған жаңа сынып ашылды
Қостанай облысында Дархан Базарбаевты еске алуға арналған “Жас сақшы” жаңа сынып ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай ауданының №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Дархан Базарбаевтың есімімен аталатын «Жас сақшы» кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа кабинет жастарды заң және патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында Қостанай облысының полиция департаменті қолдаған бастама аясында ашылды.
Іс-шараның ресми бөлімі басталар алдында мектеп фойесінде полиция атрибуттарының көрмесі ұйымдастырылды. Оқушылар криминалистикалық жабдықтармен танысып, арнайы құралдарды және полиция формасын киіп, қолдарына қару ұстап көрді. Балалар құқық қорғау органдарының жұмыс барысына еніп, көрмені қызығушылықпен зерттеді.
Мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ерасыл Казыбаев өскелең ұрпақты парасаттылық пен патриотизм рухында тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті: “Бұл кабинеттің ашылуы — қаза тапқан полицейді еске алу ғана емес, сонымен қатар оқушыларға жерлестеріміздің ерліктері туралы көбірек білуге және олардан үлгі алуға мүмкіндік береді”.
Іс-шараның салтанатты бөлігіне Дархан Базарбаевтың ата-анасы, сондай-ақ оның жұбайы мен бес жасар ұлы қатысты. Іс-шара мемлекеттік әнұранды орындаудан басталды, содан кейін қатысушыларға полицей қызметкерінің өмірі мен қызметі туралы фильм көрсетілді. Қатысушылардың көпшілігі көз жасын ұстай алмады және Дарханды бір минут үнсіздікпен еске алды.
15 оқушының “Жас сақшы” жасағына кіруі ерекше сәт болды. Жастар мектеп қабырғасында да, одан тыс жерлерде де тәртіпті сақтауға уәде беріп, ант қабылдады. Олардың әрқайсысы жасақ мүшесінің куәлігін алды. Жаңа мүшелердің бірі 10-сынып оқушысы Алмас Сагынай болды, ол Дархан Базарбаев туралы фильмді көргенге дейін ол туралы білмегенін және алдағы уақытта батылдық пен ерліктің үлгісін ұстануға дайын екенін мойындады.
Рәсім қызыл лентаны кесумен аяқталды. Бұл маңызды оқиға Дарханның фотосуреттері мен оның отбасы ұсынған жеке заттары бар стенд орналасқан жаңа кабинеттің ашылуын белгіледі. Полицейдің әйелі Мөлдір мен ұлы Алисұлтан стендке жақындаған сәт ерекше назар аударды. Әкесін есіне түсірген бала оның портретін түртіп, жиналғандардың барлығы үнсіз қатып қалды.
Дарханның анасы Замзагүл Қалиева құрмет кітабында мектепке және жас полиция көмекшілеріне өз тілектерін қалдырды, ал әкесі Серік Қалиев ұлын еске алғаны үшін өз алғысын білдірді.
– Менің ұлымның есімі мәңгі есте қалатынына шын жүректен қуаныштымын, — деді анасы.
Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Меңдібаев бұл қаза тапқан әріптестерінің құрметіне ашылған төртінші кабинет екенін айтты. Өткен жылы Тобыл қаласында Дархан Базарбаевты еске алуға арналған осындай кабинет ашылды.
Естеріңізге сала кетейік, жас сержант 2020 жылдың 19 қаңтарында отбасыны қарулы қылмыскерден қорғап қайтыс болды.
Көрсеткен батылдығы үшін ол қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен III дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды.