Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында ерекше спорттық іс-шара өтті

Қостанай облысында ерекше спорттық іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Балаларды қорғау күні қарсаңында Тобыл қаласындағы №1 мектеп нағыз спорт алаңына айналды. Атап айтсақ, көңілді және думанды іс-шара өтті. Бұл ерекше жарыс полиция қызметкерлерінің бастамасымен ұйымдастырылды. Оған елуге жуық оқушы қатысты.

Ыстық ықылас пен жанкүйерлердің қолдауымен балалар мергендік, ептілік және командамен жұмыс істеу қабілеттерін сынады. Бағдарлама балалар сүйетін спорт түрлеріне толы болды. Шағын футбол, шахмат, асық ату, арқан тартумен қатар, тіпті Калашников автоматын бөлшектеп, жинау арқылы өзара мықтыны анықтады.

— Мұндай сәттерде формада екеніңді ұмытып кетесің. Жай ғана жанында болып, көмектесіп жүргеніңді сезінесің. Бұл — дұрыс, — дейді қалалық полиция басқармасының аға инспекторы Дидар Қойшыбайұлы.

— Басында бұл жай ғана салтанатты жиын болады деп ойладым, сөйтсем қаншама қызық бар екен! Енді мен автоматты жинауды үйрендім! Бұл керемет!, — дейді 5-сынып оқушысы Даниал Куланов.

Спорттық мереке тек пайдалы ғана емес, жүрекке жылы әсер қалдырған іс-шара болды. Полицейлер балалармен еркін әңгімелесіп, сұрақтарына жауап беріп, ойындарда қолдау көрсетті.

— Бұл жай ғана дене шынықтыру сабағы емес. Бұл — сенім сабағы. Балалар полицияны алшақтау немесе қорқынышты ретінде емес, жанында жүріп қолдау көрсете алатын жандар ретінде көруі керек, — деп атап өтті мектеп директоры Қайсар Смадияров.

Іс-шара соңында қатысушыларға грамоталар, медальдар мен спорттық жабдықтар табыс етілді. Бірі футбол добын, бірі үстел ойындарын алып, олжамен оралды. Ең бастысы — балалардың айтуынша, есте қалар естеліктер мен жаңа мақсаттар туындады. Ол мықты және өзіне сенімді болу. Сондай-ақ бір күні ойын үшін емес, шын жүректен полиция формасын кию.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру