Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында есірткі жарнамасын жоюға бағытталған ауқымды акция өтті

Қостанай облысында есірткі жарнамасын жоюға бағытталған ауқымды акция өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл бесінші рет Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын жарнамалайтын жазбаларды бояп жоюға бағытталған ауқымды акция өткізді. Бұл бастамаға ҚР ІІМ Академиясының курсанттары, "Аманат" партиясының жастар қанаты — "Жастар Рухы" ұйымының өкілдері және қоғам белсенділері атсалысты.

Акцияға қатысушылардың әрқайсысына бояғыш баллондар мен "Есірткіге жол жоқ!" деген жазуы бар футболкалар және бас киімдер таратылды. Полиция қызметкерлері мен еріктілер журналистермен бірге қаладағы проблемалық аудандарға шығып, үйлердің қабырғалары мен басқа да нысандардағы тыйым салынған жазбаларды бояды.

Бірінші нысан Майлин көшесіндегі көпқабатты үй болса, кейін жұмыс 7-шағынауданда жалғасты. Акция барысында бір күнде 80-нен астам жазба боялып, жойылды. Олар тұрғын үйлердің қабырғаларында, аялдама павильондарында орналасқан.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова қала тұрғындарын мұндай акцияларға белсенді қатысуға шақырды:

— Көбінесе жасөспірімдер қызығушылықпен бұл жазбалардағы сілтемелерге өтіп, синтетикалық есірткі ұсынатын сайттарға тап болады. Біз есірткі сатушылар мен таратушыларды анықтап, ұстау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Алайда бұл зұлымдықпен күрес қоғамның қолдауынсыз мүмкін емес, — деді ол.

Полиция департаменті қала тұрғындарын мұндай жазбаларды немесе есірткіні заңсыз сатуға қатысты кез келген дерек анықталған жағдайда, бұл туралы бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Әрбір хабарлама тексеріліп, расталған жағдайда қылмыстық әрекетті тоқтату шаралары қабылданады.

Құқық қорғау органдары осындай акцияларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіп, халықпен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырмақ. Себебі алдын алу шаралары мен қоғамдық сана — есірткі қылмысына қарсы күрестегі маңызды құралдардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру