Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында карантиндік шаралар күшейтілді

Облыс басшылығы санитарлық бекеттердің жұмысын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен Қостанай облысының ПД бастығы Бекет Аймағамбетов санитарлық бекеттердің жұмысын тексерді.

Өңір басшысы Instagram парақшасында облыс аумағында 12 санитарлық бекет, оның төртеуі  РФ шекаралас, үшеуі Қостанай қаласының периметрі, төртеуі Қостанай ауданының, біреуі Жітіқара қаласының периметрі бойынша қойылғанын хабарлады.

9 қараша күнгі түнгі сағат 00.00-ден бастап санитарлық бекеттерде қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталған 118 қызметкер (24 медицина қызметкері, 94 полицей және 13 автопатруль) қызмет атқарады. Қызметкерлер 12 сағат сайын ауысып отырады.

Әкім санитарлық бекеттерді кесіп өтетін адамдарға мұқият бақылау жүргізуді, сондай-ақ кезекшіліктегі барлық қызметкерлерді керек-жарақпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Қостанай облысының ПД бастығы Бекет Аймағамбетов полиция қызметкерлерінің және мониторинг топтарының тәртіп бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмысты күшейткенін хабарлады.

Тек соңғы екі күннің ішінде облыста карантин режимін бұзудың 232 фактісі анықталды. Карантинге қарамастан облыс тұрғындары туған күндерін, үйлену тойларын және еске алу кештерін өткізуді жалғастыруда. Іс-шараларға 20 адамнан 50 адамға  дейін жиналып, инфекцияның таралуына себепші болып отыр.

Облыс орталығында 2020 жылғы 7 қарашада “Евразия” мейрамханасында 50-ден астам адамға арналған үйлену тойы,  “Дияр” мейрамханасында 13 адамға арналған еске алу түскі асы, содан кейін  35 адамға арналған құдалық, коттедждерде  30-дан астам адамға арналған туған күн және қыз ұзату өткізілгені, “Тандырная” дәмханасында 30-дан астам келуші болғаны, сондай-ақ тыйым салынған уақытта “Релакс” және “Лед” сауналарының жұмыс істегені анықталды.

Сондай-ақ сатушылардың тауарды қолғапсыз, бетпердесіз сатуының 70-тен астам фактісі анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, 9 қарашадан бастап облыс аумағында орналасқан санитарлық бекеттер өз жұмысын бастады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру