Қостанай облысында колонияға тыйым салынған заттарды өткізбек болған күдікті ұсталды
Қостанай облысында колонияға тыйым салынған заттарды өткізбек болған күдікті анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласындағы Киевская көшесінің негізгі қоршауынан тыйым салынған заттарды мекеме аумағына жеткізуге талпынған әрекет сәтті тоқтатылды. №38 мекеменің жедел және режим бөлімдерінің қызметкерлері мен 6697 әскери бөлімінің Ұлттық ұлан сарбаздарының үйлесімді жұмысының арқасында күдікті қолға түсті.
Тексеру барысында күдіктінің жанынан табылған пакеттен таспамен оралған төрт сенсорлы телефон, үш SIM-карта, бес құлаққап және екі зарядтағыш құрылғы анықталды. Бұл жағдай мекемедегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты мамандардың жоғары қырағылығы мен кәсібилігінің айқын дәлелі болды.
Оқиғаға қатысты барлық мәліметтерді анықтап, тергеу жұмыстарын жалғастыру мақсатында оқиға орнына Қостанай қалалық Солтүстік полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылды.
Айта кетейік, тыйым салынған заттарды мекеме аумағына әкелу Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.