Қостанай облысында марқұм полицейдің атына АӘД сыныбы ашылды
Қостанай облысында марқұм полицейдің атына АӘД сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
№1 Әулиекөл мектеп гимназиясының 10-сынып оқушыларының жаңа сыныбына Медет Досымхановтың есімі берілді. Марқұмның өзі 1998 жылы осы мектепті тәмамдаған. Полицейдің туыстары, әріптестері мен мектеп оқушылары батырды еске алды. Салтанатты іс-шара Туды көтеруден және Әнұранды орындаудан басталды.
Таран ауданының полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы аға лейтенант Медет Досымханов 4 сәуірде Қамысты ауданының Адаев кентінде қайтыс болды. Онда мал ұрлығы туралы іс бойынша келіп түскен ақпаратты тексеру үшін жедел топтың басшысы ретінде барды. Мылтықтан атылған оқ оны ажалға итермеледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 4 мамырдағы Жарлығымен әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және ұлттық қауіпсіздікті нығайту кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Медет Досымханов II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Жиын барысында полиция қызметкерінің ағасы Қуанышбай Әбдібеков алғыс сөз сөйледі.
– Медет әрқашан полиция қызметкері болуды армандады. Ол офицер атағын абыроймен және мақтанышпен алып жүрді. Оның артында екі қызы қалды. Біреуі тұрмыс құрып, екіншісі диплом алады. Барлық ұйымдастырушыларға біздің Медетімізді ұмытпағандарыңыз үшін алғыс білдіремін, – деді ол.
Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Қанат Меңдібаевтың айтуынша, 2009 жылдың мамыр айында Таран ауданының полиция бөлімінде қызмет орны бойынша мемориалдық тақта ашылды.
Медет Досымхановтың есімі ғимарат алдындағы еске алу мемориалында және полиция департаментінің мұражайында, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еске алу кітабында» бар. Бүгін полиция департаменті мен Әулиекөл аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамының арқасында аудан әкімдігінің қолдауымен АӘД сыныбы ашылды.
Іс-шара соңында жергілікті мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы бірнеше ән орындады.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған сәттен бастап қызметтік борышын атқару кезінде 818 полиция қызметкері қаза тапты, оның 45-і – Қостанай облысының полицейі. 7 тәртіп сақшысы қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза тапты.