Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында мопед пен скутер жүргізген балаларды анықтау басталды

Қостанай облысының полицейлері балалар арасында мопедтер мен скутерлер жүргізу оқиғаларының алдын алу бойынша рейдтер өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Күннің жылынуымен облыстың жолдарында скутерлер, мопедтер, сондай-ақ өзге де екі және үш доңғалақты көлік құралдары жиі байқала бастады.

Осы демалыс күндері облыс орталығында полицейлер солтүстік-батыс шағын ауданында рейд өткізді.

Себебі жергілікті тұрғындардың айтуынша,  аталған аумақта кәмелетке толмағандар жол бойымен квадроциклдермен, скутерлермен және электр скутерлерімен жиі жүреді.

Шынында да іс-шара барысында патрульдік полицейлер 11 жасар бала тізгіндеген квадроциклді тоқтатты. Оның артында тіркеліп 10 жасар бала скейтбордпен келе жатты.

Екі баланың ата-аналары анықталды. Бұл факт бойынша полиция әкімшілік іс қозғады. Квадроцикл мамандандырылған автотұраққа қамалды.

Жоғарыда аталған фактіні көрген осы шағын аудан тұрғыны өз пікірімен бөлісті.

– Күн сайын мен бастарына шлем кимеген балалардың скутерлермен, мопедтермен және квадроциклдермен жолда келе жатқанын көремін. Сонымен бірге олар бір-бірін мінгестіріп алады. Бұл қауіпсіз емес. Біздің шағын ауданда үнемі ауыр жүк көліктері жүреді. Ата-аналар балаға қымбат сыйлық жасаған кезде қайғылы салдар туралы ойламайды. Ең алдымен олар балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді, – дейді ер адам.

Оқиға орнында бірнеше адам жиналды, олар полицияның рейд жасап жүргендігі туралы бір-біріне ескертіп отырды.

Полиция қызметкерлерінің көзінше, балалар жаяу квадроциклдерін өз үйлеріне қарай итеріп апарған.

Полицейлер квадроциклдерді басқаруға 16 жасқа толған және А1 кіші санатты жүргізуші куәлігі бар адамдарға рұқсат екенін атап өтті.

Сол санатқа ішкі жану қозғалтқышының жұмыс көлемі жүз жиырма бес текше сантиметрден аспайтын және максималды қуаты он бір киловаттан аспайтын максималды құрылымдық жылдамдығы сағатына елу километрден асатын мотоциклдер, трициклдер, мопедтер, скутерлер жатады.

Жол ережесіне сәйкес, жол жүру бөлігіне велосипедпен шығуды 14 жастан асқан адамдар, ал скутерде, мопедте 16 жастан бастап жүргізуге рұқсат.

Жол ережесін бұзғаны үшін осы санаттағы жүргізушілер, басқа көлік құралдарының барлық басқа жүргізушілері сияқты жауапкершілікке тартылады.

Полиция тіпті ересектер де көлік тізгініне ие бола алмай жататындығын айтып дабыл қағуда.

Мәселен 17 мамырда Қамысты ауылында 64 жастағы скутердің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, шам бағанымен соқтығысқан. Ер адам алған жарақаттарынан жол-көлік оқиғасы болған жерде қайтыс болды. Қазірдің өзінде скутердің белгіленген тәртіппен тіркелмегені анықталды.

– Бұл мотоциклдердің қатысуымен ағымдағы жылдың басынан бері бесінші жол-көлік оқиғасы, оның салдарынан 1 скутер жүргізушісі қаза тауып, төртеуі жарақат алды. Үш жағдайда мотокөлік жүргізушілерінің өздері кінәлі, – дейді Қостанай облысы ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Елена Магасумова.

Ведомствода жазғы кезеңде самокат, скутер жүргізушілері, велосипедшілер патрульдік полицияның ерекше назарында болады деп ескертеді.

Сонымен қатар мереке қарсаңында полицейлер ата-аналарды балалардың көшеде және жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері туралы әңгімелесуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру