Қостанай облысында оқушыларға полиция қызметінің артықшылықтары туралы айтылды
Қостанай облысында оқушыларға полиция қызметінің артықшылықтары туралы айтылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыкөл ауданындағы vәдениет үйінде 200-ден астам оқушы мен студенттің қатысуымен маңызды кездесу өтті. Іс-шараны Қостанай облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасы ұйымдастырып, жас ұрпаққа құқық қорғау саласындағы қызметтің ерекшеліктерін таныстыруға бағыттады.
Бұл кәсіби бағдар беру кездесуі полиция қызметінің артықшылықтарын түсіндірумен қатар, ведомстволық оқу орындарына түсу тәртібі мен мүмкіндіктерін таныстыруды көздеді. Оқушылар үшін арнайы дайындалған бағдарлама барысында олар полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысында қолданылатын құралдармен танысты. Қалқандар, қорғаныс құралдары, қару-жарақ, дулыға мен кісендер – мұның барлығы жастардың қызығушылығын оятты.
- Бүгін біз сіздерге полиция қызметі туралы, оның маңыздылығы мен жауапкершілігі жайында айтып бермекпіз. Бұл – тек қызықты ғана емес, сонымен қатар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды сала, – деп атап өтті ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Асылбек Искаков.
Кездесу барысында оқушыларға ҚР Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына түсу тәртібі, оқу процесінің ерекшеліктері және құқық қорғау саласындағы қызметтің түрлі бағыттары туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Әсіресе сұрақ-жауап бөлімі оқушылардың қызығушылығын тудырды. Жастар полициядағы мансап жолы, қабылдау талаптары мен қызметтің ерекшеліктері туралы белсенді түрде сұрақтар қойды.
- Мен әрқашан полиция қызметінің қалай жүретінін білгім келетін. Бүгін өз көзіммен көріп, тың ақпарат алғаныма қуаныштымын, – деп әсерімен бөлісті шараға қатысушылардың бірі.
Кездесу соңында қатысушылар үшін арнайы қызметтік иттердің көрсетілімдері ұйымдастырылды. Сондай-ақ шараны жандандыра түскен шығармашылық нөмірлер жиналғандардың көңілінен шықты.
Осылайша кездесуден жағымды әсер алған оқушылар құқық қорғау органдарындағы мансапқа қызығушылық танытып, болашақ мамандықтарын таңдауға жаңа серпін алды.