Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында полицейлер арасында өткен турнир өз мәресіне жетті

Қостанайда полиция қызметкерлері арасында командалық көпсайыстан турнирдің финалы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанайда полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері арасында командалық көпсайыс бойынша ауқымды турнир өз мәресіне жетті. Жарыс Жеңістің 80 жылдығына және “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Бұл турнир тек спорттық шара ғана емес, сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды бастама болды.

1 сәуір мен 12 мамыр аралығында іріктеу кезеңдері 7 турдан тұрған топтық кезең бойынша өткізілді. Әр турдың жеңімпаздары финалға жолдама алды. Қосымша, сегізінші жолдама барлық екінші орын алған командалар арасындағы ең жоғары нәтижені көрсеткен командаға берілді.

Финалға облыстың үздік сегіз командасы жолдама алды. Әр команда 10 қызметкерден құралды, оның ішінде міндетті түрде бір қыз қатысуы тиіс. Жалпы алғанда жарысқа 80 полиция қызметкері қатысты.

Финалдық бағдарлама алты спорт түрін қамтыды. Бұл сайыстар қатысушылардың күшін, төзімділігін, ептілігін және командалық бірлігін сынады.

Бірінші спорт түрі — гір көтеру — екі салмақ дәрежесінде өткізілді. 80 келіге дейінгі салмақ санатында әр командадан екі қатысушы 16 келілік екі гірді көтерді. 80 келіден жоғары салмақтағы қатысушылар 24 келі гірмен бақ сынады.

Екінші спорт түрі — мас-рестлинг. Бұл сында ерлер 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары екі салмақ дәрежесінде жарысты. Әйелдер үшін салмақ шектеуі болған жоқ.

Келесі — армрестлинг жарысы да екі салмақ дәрежесінде өтті: 80 келіге дейін және 80 кг-нан жоғары. Бұл — жеке жарыс болғанымен, қатысушылар жинаған ұпайлар команданың жалпы нәтижесіне әсер етті.

Арқан тарту сайысы турнирдің ең әсерлі әрі ұжымдық рухты талап ететін кезеңдерінің бірі болды. Әр командадан бес қатысушы күш сынасты.

4×200 метрлік эстафетада үш ер адам мен бір әйелден құралған командалар өзара бақ сынасты. Бұл кезеңде физикалық төзімділікпен қатар, жоғары деңгейдегі өзара үйлесімділік қажет болды.

Турнирдің соңғы кезеңі — шағын-футбол. Әр командадан төрт ойыншы және бір қақпашы алаңға шықты. Матч екі таймнан тұрды, әрқайсысы 10 минутқа созылды. Бұл кезең жоғары қарқынмен және командалардың жауынгерлік рухымен ерекшеленді.

Барлық командалар дайындық деңгейінің жоғары екенін, ұйымшылдық пен жеңіске деген шынайы ұмтылысты көрсетті. Жеңіс үшін күрес аса тартысты және қызықты өтті.

Турнир жеңімпазы — Әулиекөл ауданының полиция бөлімі. Бұл команда бірнеше спорт түрінде үздік нәтижелер көрсетіп, тамаша командалық ойын өрнегін танытты. Екінші орынды Рудный қаласының Полиция басқармасы иеленді. Олар да жарыс бойы жоғары дайындық пен спорттық рухты көрсете білді.

Үздік үштікті Арқалық қаласы полиция басқармасының командасы түйіндеді. Олар тәжірибелі қарсыластармен тең дәрежеде күресіп, табандылық пен жеңіске деген жігер танытты.

Ұйымдастырушылар турнирдің жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, барлық қатысушыларға спорттық рухы, әділ бәсекесі мен кәсіби шеберлікке деген ұмтылысы үшін алғыс білдірді. Мұндай жарыстар ішкі істер органдары қызметкерлерінің физикалық дайындығын нығайтып қана қоймай, ұжым арасындағы бірлікті арттыруға, жолдастықты, жауапкершілікті қалыптастыруға үлкен үлес қосады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру