Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында полицейлер мыңға жуық ЖҚЕ бұзушылықтарын анықтады

Қостанай облысында полицейлер «Қауіпсіз жол» операциясының қорытындысын жариялап, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуының 1000-ға жуық дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көлік құралын мас күйде басқарған 11 жүргізуші ұсталды. Солардың бірі – 46 жастағы Арқалық қаласының тұрғыны, Volkswagen көлігін мас күйінде жүргізгені үшін 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Сонымен қатар 11 жүргізуші көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарған, ал 8 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан көлік тізгіндеген. 97 жүргізуші жылдамдықты арттырса, 67-сі маневр жасау ережелерін бұзған, 44-і бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кеткен, 57-сі рөлде телефон қолданған, ал 121 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған. Бұл бұзушылықтардың барлығы ауыр жол-көлік оқиғаларына алып келуі мүмкін еді.

Жолдың рұқсат етілмеген жерінен өткені үшін 152 жаяу жүргінші жауапқа тартылды. Автотұрақ ережелерін бұзғаны үшін 30 көлік арнайы автотұрақтарға қойылды.

Операция барысында жүргізушілердің қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайлары да тіркелді. Мәселен, 10 жүргізуші, оның ішінде 4 такси жүргізушісі, қоғамдық орындарда азаматтардың тыныштығын бұзған. 9 қазанда Қостанайда 26 жастағы Kia көлігінің жүргізушісі такси қызметін ұсынып, өтіп бара жатқан адамдардың мазасын алғаны анықталды.

Сол күндері ауа-райының қолайсыздығы – қатты жел, боран және көктайғақ – республикалық маңызы бар 4 автожолдың жабылуына себеп болды. Полицейлер қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді.

Осыған мысал ретінде Жітіқара мен Тобылдан облыс орталығына бейімделген жүзу жаттығуларына келе жатқан мүгедектігі бар балалар мінген автобусқа патрульдік полицияның жол бастап жүруін айтуға болады. «Алтын Жүрек» қоғамдық ұйымының өкілдері қауіпсіздікті қамтамасыз еткені үшін полицейлерге ризашылықтарын білдірді.

Қостанай облысының полиция департаменті барлық жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтап, жолда мұқият болуға, сондай-ақ төтенше жағдайларды болдырмау үшін ауа-райының өзгеруіне назар аударуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру