Қостанай облысында полицейлер облыстың медициналық мекемелерінің басшыларына семинар өткізді
Қостанай облысында полицейлер облыстың медициналық мекемелерінің басшыларына семинар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасының базасында терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша медицина нысандарының басшыларына семинар ұйымдастырды.
Іс-шара барысында техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және терроризм актісін жасау қаупі туындаған кезде емханалар мен ауруханалардың басшылары мен қызметкерлерінің бастапқы әрекеттері түсіндірілді. Сондай-ақ террористік қауіптің түрлі қатерлерінде өзін қалай ұстау керектігі нақты көрсетілді.
– Жарылғыш белгілері бар күдікті заттар табылған жағдайда, ешқандай жағдайда оған қол тигізуге, сондай-ақ оны көтеруге болмайды! Мекеменің күзет қызметкерлеріне және құқық қорғау органдарына хабарлау қажет, – деді басқарманың аға жедел уәкілі Амангелді Бапинов.
Емдеу мекемелерінің басшылығына терроризмге қарсы қорғалу жай-күйін тексеруді жүзеге асыру тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген объектілердің инженерлік-техникалық нығаюына қойылатын талаптар айтылды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері жалған терроризм мен террористік тұрғыдан осал объектілерді тексерудің салдарын жеткізді.
Семинар соңында денсаулық сақтау басқармасы басшылығы полиция қызметкерлеріне терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы өзара іс-қимыл және әдістемелік көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері облыс полицейлері 233 нысанның терроризмге қарсы қорғалу жағдайын тексерді. 104 нысанның басшыларына бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріліп, оның ішінде 17-сі инженерлік-техникалық нығайту талаптарын орындамағаны үшін 5,5 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.