Қостанай облысында полицейлер студенттермен кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді
Қостанай облысында полицейлер студенттермен кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің қабырғасында ұйымдастырылып, жастарды ішкі істер органдарында қызметке тарту мақсатында өтті. Университет студенттері құқық қорғау органдарындағы жұмыс ерекшеліктері мен мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпарат алып, қызығушылық танытты.
Кездесу барысында Қостанай облысы полиция департаментінің өкілдері студенттерге құқық қорғау саласындағы қызметтің артықшылықтары туралы кеңінен баяндады. Полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Берік Ержанов полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап, есірткі қылмысы мен киберқауіптерге қарсы күреске дейінгі түрлі бағыттарды қамтитынын атап өтті.
Берік Ержанов сондай-ақ тергеу, анықтау, криминалистика сияқты салаларда жұмыс істеуге дайын, белсенді азаматтық ұстанымы бар, физикалық және зияткерлік қабілеттері жоғары жастардың үлкен сұранысқа ие екендігін айтты. Ол ведомстволық оқу орындарына түсу тәртібін түсіндіріп, оларды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен полицияға қызметке түскен кездегі жеңілдіктер туралы ақпарат берді.
Іс-шараның соңғы бөлімінде концерттік бағдарлама өтті. Қостанай облысы ПД мәдени орталығының вокалдық тобы ән шырқап, студенттерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар жедел қимылдау арнайы жасағының қызметкерлері қоян-қолтық ұрыс әдістері мен қарулы қылмыскерлерді залалсыздандыру тәсілдерін көрсетті. Студенттер ішкі істер органдарының қызметкерлері төтенше жағдайларда қалай әрекет ететінін өз көздерімен көріп, бұл қойылым оларға үлкен әсер қалдырды.
Кинологиялық қызметтің көрсетілімі де ерекше қызығушылық тудырды. Қызметтік иттер есірткі мен жарылғыш заттарды іздеу бойынша тапсырмаларды орындаудағы ептілігі мен дәлдігін паш етті. Мұндай қойылымдар студенттерге полиция қызметінің маңыздылығы мен көп қырлылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.