Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында полицейлер жол қозғалысын дрондардың көмегімен бақылауда

Қарсы қозғалыс жолағына шығу – қала сыртындағы жолдарда болатын ең ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мұндай манёвр жиі қайғылы жағдайға әкеледі.

"Тұтас сызық" пен "Озып өтуге тыйым салынады" белгілері — жай ғана формалдылық емес, олардың артында ықтимал апат аймағы бар. Дегенмен, кейбір жүргізушілер бұл ескертулерді елемей, өз өмірін ғана емес, өзгелердің де өмірін қатерге тігеді.

Жыл басынан бері облыс жолдарында 136 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 45 адам қаза тапты, 987 адам түрлі жарақат алды. Бұл – жай ғана статистика емес, жүздеген отбасының қайғысы.

Жолдағы тәртіпті қадағалауда полиция заманауи технологияларды қолдана бастады. Өткен жылы Қостанай облысында қала маңындағы трассаларда ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) енгізілді.

Патрульдік полиция ротасының взвод командирі Ринат Мұхамеджановтың мәліметінше, 2024 жылы дрондар 22 рет әуеге көтеріліп, қарсы жолаққа шығудың 20 дерегін тіркеген. Биыл ұшырылымдар саны 40-қа дейін артты, нәтижесінде 53 жүргізушінің ереже бұзғаны анықталды.

Қарсы қозғалыс жолағына шығу үшін жүргізуші куәлігін алты айға дейін тоқтату қарастырылған. Бұл – тек айыппұл емес, рөлге отыру құқығынан айрылу. Мұндай шара әр жүргізушіге қауіпсіздіктің таңдау емес, міндет екенін еске салады.

12 тамызда Қостанай–Амангелді–Сұрған бағытындағы трассаның 36-шақырымында полиция мен ТЖД дрон арқылы бақылау жүргізді. Бар болғаны 10 минут ішінде ереже бұзған жүк көлігінің жүргізушісі ұсталды. Ол тұтас сызықты кесіп өтіп, алдындағы көлікті басып озған. Белгіні байқамағанын айтқанымен, оған әкімшілік іс қозғалып, заңға сай жаза қолданылды.

Әуе рейдтерінің басты мақсаты – жүргізушілерді жазалау емес, апаттың алдын алу. Дрондар қателікті дер кезінде анықтап, оның қайғылы жағдайға ұласуына жол бермейді.

Полиция жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру