Қостанай облысында полиция 12 мың үйді тексерді
Қостанай облысында полиция 12 мың үйді тексерді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйектен бастап республика аумағында 1 қарашаға дейін “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Негізгі мақсат — құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғын үй аумақтарындағы мәселелерді анықтау және ең бастысы — азаматтар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.
Іс-шара облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтуда. Алғашқы үш күннің ішінде полицейлер 12 мыңнан астам үй-жайды аралады. Соның ішінде 7 мыңнан астам пәтер мен 5 мың жеке үй бар. Ерекше назар құқықбұзушылықтардың алдын алуға, тұрмысы нашар отбасыларға бақылау жасауға, профилактикалық есепте тұрған адамдарды және азаматтық қару иелерін тексеруге бөлінуде.
— Біз ең алдымен профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Басты міндетіміз — бір оқиғаның орын алғанын күтпей, алдын алу шараларын қабылдау. Тұрғындармен әңгімелесіп, оларды алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын қарастырамыз. Қажет болған жағдайда тиісті органдарға хабарлаймыз, — деді Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Аманжол Байзақов.
Іс-шара барысында 200-ден астам пәтер тексерілді, соның ішінде жалға берілетіндері де бар. Заңсыз жалға беру бойынша 50-ден астам дерек салық органдарына жолданды.
Құқық бұзушылық қайталанбас үшін профилактикалық есепте тұрған 1 500-ден астам адам тексерілді, 300-ден астам қару иесі тексеріліп, қаруды сақтау шарттарына ерекше назар аударылды.
“Учаске” жедел профилактикалық іс-шарасының алғашқы күндерінің қорытындысы бойынша 1 500-ден астам азамат жауапқа тартылды, оның ішінде: 600-ден астамы — қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін; шамамен 100-і — тіркеусіз тұрғаны үшін; 30-дан астамы — көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін; қалғандары — жол қозғалысы ережелерін және өзге де құқық бұзушылықтарды бұзғаны үшін.
Сонымен қатар пәтерді заңсыз жалға беру, тұрғындарды тіркеусіз қоныстандыру және қауіпсіздік ережелерін сақтамау деректері бойынша үй иелері де жауапқа тартылды.
Іс-шара аясында полицейлер әлеуметтік қауіпті жағдайдағы отбасыларға барып, кәмелетке толмағандардың тұрмыс жағдайын тексеруде, қарттар мен жалғызбасты адамдардың хал-ахуалын да назарда ұстауда.
- Полиция қызметкері міндетті түрде формада болуы тиіс.
- Сізге қызметтік куәлігін көрсетіп, келу мақсатын түсіндіреді.
- Ақша, банк деректері немесе заңсыз үйіңізге кіруге талап қоюға құқығы жоқ.
- Күмән туындаған жағдайда — “102” нөміріне қоңырау шалыңыз.
— “Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы — жай ғана тексеріс емес. Бұл — сенімді арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысы. Әрбір азамат өз үйінде және өз ауданында қауіпсіз сезінуі үшін еңбек етудеміз, — деп атап өтті Аманжол Байзақов.
Полиция азаматтарды ынтымақтастыққа ашық болуға және заң нормаларын сақтауға шақырады. Қауіпсіздік — әрқайсымыздан басталады.