Қостанай облысында полиция 40 млн теңгенің есірткісін заңсыз айналымға жібермеді
Қостанай облысында полицейлер құны қара нарықта 40 млн теңге болатын синтетикалық есірткінің 2 мың дозасын заңсыз айналымға жібермеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Синтетикалық есірткілерді сақтау және тарату күдігі бойынша 35 жастағы ер адам ұсталды. Қызметтік-іздестіру итінің қатысуымен жүргізілген операция Қостанайдағы Киев кентіне қарасты жолда өз мәресіне жетті. Ұсталған адамнан ақ түсті ұнтақты заттың 20 пакеті бар үлкен полиэтилен орамы табылды. Олардың әрқайсысы жасыл түсті скотчпен оралған.
Hyundai Tucson көлігін тінту барысында ұқсас заты бар 70 шағын пакеті бар тағы 3 осындай орам табылды. Артқы орындықта тағы 35 пакет пен түрлі түсті жабысқақ таспа орамдары болды. Сонымен қатар күдіктінің пәтерін тінту кезінде жуынатын бөлмеде есірткіні орауға арналған бос қаптамалар, ұнтақ салынған целофан пакеті, сондай-ақ электронды таразылар мен өлшеуіш қасықтар табылды.
Сараптама алынған ұнтақтың жалпы салмағы шамамен 1 келі болатын мефедрон екенін анықтады, бұл шамамен 2 мың дозаға тең. Қара нарықтағы есірткінің құны шамамен 40 миллион теңгені құрайды.
Есірткі заттарын сақтау фактісі бойынша аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар полиция оның өзге де осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Ер адам 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.