Қостанай облысында полиция көлік акуммуляторының ұрлығын "ізін суытпай" ашты
Қостанай облысында полиция көлік акуммуляторының ұрлығын "ізін суытпай" ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысына қарасты Қашар кентінде полиция қызметкерлері көлік аккумуляторының ұрлығын небәрі 45 минут ішінде ашты.
ВАЗ-2101 автокөлігінің иесі полицияға 15 000 теңге тұратын қара түсті аккумуляторы ұрланғаны туралы арызданған. Тергеу барысында қылмыстың түнде, жеке үйдің ауласында жасалғаны анықталды. Белгісіз біреу көліктің капотын ашып, аккумуляторды қолды қылған.
Жәбірленушінің айтуынша, сол күні ол ата-анасына келген, ал көліктің капотын бекітпестен қараусыз қалдырған. Осы жайтты пайдаланған күдікті қылмысқа барған.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын қолға алып, небәрі 45 минут ішінде күдіктіні анықтады. Ол – 47 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында ол аккумуляторды алып, сатпақ болғанын мойындады. Алайда ол жымысқы жоспарын жүзеге асырып үлгермеген: ұрланған затты Қашардың үшінші шағын ауданында қардың астына жасырып қойған.
Көлік иесі полицейлердің шапшаң әрекетіне ризашылығын білдірді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.