Қостанай облысында полиция құжаты жоқ азаматтарға көмектесуде
Қостанай облысында полиция құжаты жоқ азаматтарға көмектесуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2023 жылдан бастап Қостанай қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатқан тұрақты мекенжайы жоқ адамдармен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты — азаматтардың құжаттарын қалпына келтіруге, азаматтығын растауға және оларды қоғамға толыққанды қайтаруға көмектесу.
— Азаматтыққа қатыстылығын анықтау процедурасы күрделі және бірнеше кезеңнен тұрады. Жұмыс басталғалы бері сегіз адам құжаттандырылды. Кейбіреуінің қолында 1974 жылғы үлгідегі ескі паспорттар ғана болған. Осы себепті олар зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы және заңмен қарастырылған басқа да кепілдіктерді ала алмай келген, - дейді көші-қон қызметінің мамандары.
Заңдастыру процесі азаматтыққа тиесілілікті анықтаудан басталады.
Келесі кезең — жеке басын анықтау. Ол үшін азаматтар туралы мәліметтер болуы мүмкін мемлекеттік органдар мен мұрағаттармен жұмыс жүргізіледі.
Үшінші қадам — тану рәсімі. Бұл рәсім адамды кемінде он жыл бойы жеке танитын үш куәгердің қатысуымен өткізіледі.
Бұл күрделі жұмыс барысында полицейлерге әлеуметтік бейімдеу орталығының әлеуметтік қызметкері Назымгүл Кәтпенова көмектеседі. Ол қосымша құжаттарды жинауға, ресімдеуге жәрдемдесіп, орталықтың қамқорлығындағы адамдарға кеңес береді.
— Біз Қостанай қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметкерлеріне кәсібилігі және көмектесуге дайын болғаны үшін алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта да нәтижелі серіктестікке үміттіміз, — деді Назымгүл Кәтпенова.
Азаматтық алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан Республикасының "Азаматтық туралы" Заңы негізінде Кенжегүл Мергенбаева есімді тұрғын балаларымен бірге жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алды. Түрікменстан тумасы 2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстанға тұрақты тұруға келген. 2024 жылдың наурыз айында Қостанайға көшіп келіп, қандас мәртебесін алғаннан кейін азаматтық алу туралы өтініш берген. Жақында оған жеке куәлік салтанатты түрде табыс етілді.
Бұл жұмыс тек құжаттар туралы емес. Бұл — адам абыройын қалпына келтіру, үміт пен сенімді қайта ояту туралы. Полиция, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттің бірлескен күш-жігерінің арқасында өмірден шет қалған жандар қайтадан лайықты өмір сүруге мүмкіндік алуда.