Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында "Рөлде отырып, ұйықтап қалмаңыз!" профилактикалық шарасы ұйымдастырылды

Қостанай облысында "Рөлде отырып, ұйықтап қалмаңыз!" атты алдын алу шарасы ұйымдастырылды. Акцияны облыстық полиция департаменті өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әулиекөл ауданына апаратын тас жолда тәртіп сақшылары көліктерді тоқтатып, жүргізушілерге су ұсынды және ұзақ жолда демалудың маңыздылығын еске салды. Шараның басты мақсаты — шаршаған күйде көлік жүргізудің қауіптілігін түсіндіру.

Жол-көлік оқиғаларына жасалған талдау деректеріне сүйенсек, сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін облыс жолдарында 422 жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 2 адам қаза тауып, 702 адам түрлі жарақат алған. Мұндай қайғылы жағдайлардың көпшілігі — шаршаған жүргізушінің назарын жоғалтып, жолдағы жағдайды дер кезінде бағалай алмауынан туындайды.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерге көлік құралын тек техникалық жағынан ғана емес, өздерінің денсаулығын да бақылауда ұстау қажеттігін ескертті:

- Ең жаңа, ақаусыз көлік те, егер жүргізуші ұйқысыз, шаршаған немесе денсаулығы сыр берген болса, қауіптен қорғай алмайды. Өз күшіңізді асыра бағаламаңыз, алғашқы шаршау белгілері сезілген сәтте тоқтап, демалыңыз, — деп атап өтті облыстық полиция департаменті.

Акция барысында жүргізушілерге мына талаптарды әрдайым сақтау керектігі ескертілді:

  • жылдамдықты белгіленген шектен асырмау;

  • маневр жасау ережелерін қатаң сақтау;

  • қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу;

  • жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз орындау.

Шара кезінде патрульдік полиция қызметкерлері жаяу жүрген 62 жастағы ер адамды байқап, оның көмекке мұқтаж екенін анықтады. Полицейлер жолдан өткен көлікті тоқтатып, азаматты діттеген жеріне жеткізіп берді. Ер адам көрсетілген назар мен қамқорлық үшін тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жолдағы қауіпсіздік — ең алдымен назар аудару, жауапкершілік және уақытылы демалуға мән беруден басталады. Әр жүргізушінің іс-әрекетіне тек өзінің ғана емес, жолдағы өзге адамдардың да өмірі байланысты.

Есіңізде болсын: жол қателікті кешірмейді. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру