Қостанай облысында сотталғандарды қоғамға бейімдеу жұмыстары жалғасуда
Қостанай облыстық ҚАЖ департаментіне қарасты №38 мекемесінде "Жол – жаңа өмір" жобасы аясында сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жұмыстары жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жақында мас күйінде қылмыс жасаған сотталғандардың біріне маскүнемдіктен арылу үшін көмек көрсетілді.
Айта кетейік, бұл жұмыс ҚАЖ департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында жасалған меморандум негізінде жүргізілуде. Медицина мамандары мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің бірлескен жұмысы сотталғандарға алкогольге тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді. Бұл – оларды түзетуге және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне жасалған маңызды қадам.
Сонымен қатар аталған сотталған босаған соң жұмысқа тұру мүмкіндігі қарастырылды. Мұндай қолдау салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден арылуға және заңға бағынатын азамат болып қалыптасуға ықпал етеді.
ҚАЖ мекемелерінде сотталғандарға әлеуметтік бейімделу мен медициналық көмек көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.