Қостанай облысында студенттер колонияға экскурсия жасады
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Қостанай облысында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы колледж студенттерімен кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Студенттер Қостанай облысына қарасты ҚАЖ департаментінің №38 мекемесіне экскурсияға барды. Іс-шараның мақсаты — жастарға заңды бір рет бұзудың қандай салдарға алып келетінін өз көзімен көрсету болды. Колония аумағына кірген сәттен бастап студенттер күңгірт атмосфераны сезінді. Темір қақпалар, тікенек сымдар, қатаң тәртіп және ауыр атмосфера – жеңіл ақшаның соңына түсудің салдары адамды бостандықтан айыратынын еске салғандай.
№38 мекеме — орта қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу колониясы. Мұнда шамамен мыңға жуық азамат жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында есірткі саудасымен айналысқандар мен есірткі таратушылар ғана емес, тонау және кісі өлтіру қылмыстары үшін сотталғандар да бар. Колония аумағында ағаш және жиһаз бұйымдарын шығаратын өндірістік цехтар жұмыс істейді. Экскурсия барысында студенттер сотталғандардың еңбекақылары туралы сұрақ қойды.
– Жұмыс ақшаны қолына ұстатып бермейді, бірақ ол арқылы сот үкімдері бойынша өндіріп алуларды өтеуге, отбасына көмектесуге мүмкіндік бар. Ең бастысы — еңбек адамды тұйықталып кетуден, үмітсіздікке берілуден сақтайды, деп жауап берді №38 мекеме бастығының сотталғандармен тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Дархан Бекдәуітов
Экскурсияның ең әсерлі бөлігі — студенттердің сотталғандармен әңгімесі болды. Олардың алдында есірткі тарату бойынша сотталған 20 жастағы Егор өз оқиғасын айтып берді.
Маған бәрі оңай көрінді, тез ақша табамын деп ойладым. Ал қазір әр күнім сол бір қателігім үшін өтіп жатыр. Егер уақытты кері қайтара алсам, мұндай іске ешқашан бармас едім. Еркіндікті де, өмірді де қадірлеңдер, мен жіберген қателікті қайталамаңдар, — деді ол өкінішпен.
Жас жігіттің бұл сөздері студенттерге үлкен әсер қалдырды. Экскурсиядан кейін студенттер біраз ой түйді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың есірткі қылмысына көзқарасын өзгертеді. Жастарға интернеттегі жалған уәделермен емес, нақты тағдырлар арқылы ой салу маңызды.