Қостанай облысында тағы бір ауыл ішімдіксіз өмірді таңдады
Қостанай облысындағы Жаңасу ауылы ішімдіксіз өмірді таңдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының Алтынсарин ауданына қарасты Жаңасу ауылы — "Мәдени қоғам" жобасы аясында алкогольден өз еркімен бас тартқан елді мекендердің бірі. Бұл бастама 2023 жылдан бері облыстық полиция департаментінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ішімдік атаулыдан бас тартқан ауылдардың саны 17-ге жетті.
Шамамен 120 тұрғыны бар Жаңасу ауылы көлемі жағынан шағын болғанымен, қоғамдық санасы жоғары, бірлікте өмір сүріп отырған ауыл ретінде танылып отыр.
— Бірнеше рет ауыл жиналысын өткіздік. Ақсақалдардың, ата-аналардың, жастардың пікірін тыңдадық. Ауыл тұрғындары өздері бірауыздан ішімдікке толықтай тыйым салу туралы бастама көтерді. Бұл – саналы әрі ортақ шешім. Өз ауылымыз өзгелерге үлгі болса екен дейміз, — дейді ауыл әкімі Аслан Хамилин.
Жергілікті кәсіпкер Гүлбану Нұрсұлтанова бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдаған. Ол арақ-шарап сатудан 10 жыл бұрын-ақ бас тартқан екен.
— Біздің дүкенде тек күнделікті қажетті азық-түлік қана сатылады. Бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Ауылдағы тыныштық — кез келген табыстан артық, — дейді кәсіпкер.
Ауылдың учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Серғалиевтің айтуынша, мұнда он жылдан астам уақыт бойы қылмыс, отбасылық жанжал немесе жол-көлік оқиғасы тіркелмеген.
— Бұл жерде өзара сыйластық пен түсіністік бар. Кез келген мәселе сабырмен шешіледі. Осындай ауылдар көбейсе екен, — дейді инспектор.
Ауыл мектебінің директоры Төремұрат Ағибаев мұндай шешімнің рухани маңызын атап өтті:
— Біз — қазақ ауылы. Дәстүрге құрметпен қараймыз, ата-баба өсиетін қадірлейміз. Арақ ішу — біздің дүниетанымымызға жат. Қазір біз ішімдіксіз өмірді қалыпты қабылдайтын ұрпақты тәрбиелеп отырмыз, — дейді ұстаз.
"Мәдени қоғам" жобасын қоғам да, полиция да белсенді түрде қолдап келеді. Жанасудың үлгісін өз ауылында қолдануға ниетті елді мекендер қатары күн санап артып келеді.