Қостанай облысында тұрғыннан төрт келі гашиш тәркіленді
Қостанай облысында тұрғыннан төрт келі гашиш тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әулиекөл ауданында облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері үйінде аса ірі мөлшерде есірткі сақтаған жергілікті тұрғынды ұстады.
11 қыркүйекте «Қарасора – 2022» операциясы аясында жедел уәкілдер Аманқарағай ауылында 52 жастағы ер адамның үйінен есірткі тәркіледі. Тексеру барысында полицейлер пештен екі полиэтилен пакет тапты. Жасырын сөмкелерде жасыл, ұнтақ тәріздес, ерекше иісі бар зат сақталған. Жүргізілген сараптамаға сәйкес алынған зат жалпы салмағы төрт килограмға жуық гашиш заты болып шықты. Бұл салмақ аса ірі мөлшерге жатады.
Ер адам бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталды.
Жыл басынан бері облыста заңсыз айналымнан 176 килограмнан астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді. Оның ішінде 555 грамы героин, 18 келі гашиш, сондай-ақ 800 грамм синтетикалық есірткі.