Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілуде

Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу – ішкі істер органдары қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. Бұл жұмыс қоғамдағы құқықбұзушылық деңгейіне ғана емес, мемлекеттің іргетасы саналатын отбасы институтының тұрақтылығына да тікелей әсер етеді.

27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында елімізде "Бақытты отбасы – бақытты ел" атты кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық акция өтіп жатыр. Оның мақсаты – қоғам назарын тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне аудару, зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету тетіктері туралы хабардарлықты арттыру және отбасылық құндылықтардың маңыздылығын кеңінен насихаттау. Акцияға мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және белсенді азаматтар тартылған.

Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдауға арналған үш арнайы бөлме жұмыс істейді. Олар Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай ауданында орналасқан. Бұл жерде құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен жұмыс барысында азаматтардың қауіпсіздігі мен психологиялық жайлылығы қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар Арқалық, Рудный және Лисаков қалаларында зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсететін орталықтар бар. Бұл орталықтарда уақытша баспана, тамақтану, заңгерлік және психологиялық қолдау қызметтері ұсынылады. 2025 жылдың басынан бері мұндай мекемелерге 47 адам жүгінген: оның ішінде 14 әйел, 1 ер адам және 32 бала бар. Ең көп өтініш Рудный қаласында тіркелген. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында сенім телефонына 82 қоңырау түскен.

1 қаңтардан 20 тамызға дейін полицияға отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты 3147 хабарлама келіп түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үштен бірге азайған. Дегенмен қайталанған өтініштердің саны 16,7%-ға артқан (2025 жылы – 791, 2024 жылы – 678). Бұл тәуекел тобындағы отбасылармен жұмысты күшейтуді қажет етеді.

Анкеталық зерттеулер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептерін анықтады:

  • алкогольдік және есірткіге тәуелділік — 819 жағдай;

  • қызғаныш — 323;

  • әлеуметтік жағдайдың қиындығы — 333;

  • туыстардың араласуы — 130;

  • құмар ойындарға әуестік — 71;

  • қамқоршылық мәселелері бойынша даулар — 91 жағдай.

Қазіргі таңда өңірде 95 отбасы жоғары қауіп аймағында, 453 – орташа қауіп аймағында, ал 1219 отбасы – төмен қауіп аймағында деп танылған. Барлық отбасыларға қажетті көмек пен кеңес беру шаралары көрсетілді.

Заңнамаға сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған азаматтар сот шешімімен міндетті психологиялық түзету курстарынан өтуге жіберіледі. Облыста бұл бағыттағы жұмыс 30 амбулаториялық-поликлиникалық кабинетте жүргізіледі.

Наурыз айынан бастап сот шешімімен қайталама зорлық-зомбылық жасаған 91 азамат психокоррекциялық курстан өтті. Жалпы жыл басынан бері 276 өтініш түсіп, оның 91-і қанағаттандырылған.

Мысалы сәуір айында Қостанай қаласының тұрғыны бірге тұратын ер адамға қатысты полицияға шағымданған. Ер адам мас күйінде жанжал шығарып, агрессия көрсеткен. Сот шешімімен ол үш айлық түзету курсына жіберілді. Курс аяқталған соң әйел тарапынан қайталама шағым түспеді.

Сондай-ақ 2345 жағдайда сот агрессорларға арнайы талаптар қойды: алкоголь қолдануға тыйым салынды, ал 10 жағдайда – жәбірленушімен бірге тұруға шектеу қойылды.

Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары кешенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағытта ішкі істер органдары денсаулық сақтау саласының мекемелерімен, жергілікті атқарушы органдармен, әлеуметтік қызметтермен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Отбасын қорғау, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағыттағы жұмыс уақытша акциялармен шектелмей, мемлекеттік және қоғамдық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.

Өйткені бақытты отбасы – бақытты елдің кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру