Қостанай облысында ұландықтар қарға кептеліп қалған көлік жүргізушіге көмектесті
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қостанайлық әскери қызметшілері қарда кептеліп қалған автокөліктің жүргізушісіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығының 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшілері автокөлігі Қостанай — Арқалық тасжолының шетіне шыққан жүргізушіге көмек көрсетті.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін Арқалық қаласына бет алған әскери қызметшілер қарда тұрып қалған көлікті байқаған. Жол жиегіне тоқтап, дереу көмек көрсетуге кірісті. Жедел іс-қимылдың арқасында әскери қызметшілер көлікті қар үйіндісінен шығарып алды.
— Қатты тұман болғандықтан, мен рөлді игере алмай, жол шетіне шығып кеттім. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бірден көмекке келді және менің көлігімді басқа көлік жүргізушісімен бірге шығарды. Мен оларға алғыс білдіремін, — деді жүргізуші Ержан Оспанов.
Осыдан кейін әскери қызметшілер Арқалыққа барып, өз жолын және қызметтік міндеттерін орындауды жалғастырды.