Қостанай облысында жабық жолда тәртіп бұзған жүргізуші жауапқа тартылды
Жабық жолда тәртіп бұзған жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндірген жол талғамайтын көлік жүргізушісі полицияның ілесіп келе жатқан колоннасынан заңсыз шығып кеткені үшін жауапкершілікке тартылды.
Оқиға 16 желтоқсан күні Арқалық қаласына жақын орналасқан Жезқазған - Петропавл автожолының жабық учаскесінде тіркелді. Қолайсыз ауа райы салдарынан, атап айтқанда боран болып, көріну қашықтығы 40 метрден аспағандықтан, бұл бағытта қозғалыс толықтай шектелген болатын.
Күндіз полиция қызметкерлері 100-ге жуық автокөліктен тұратын колоннаны қауіпсіз аймаққа алып өту барысында Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінің жүргізушісі күтпеген жерден колонна тәртібін бұзып, басып озуға әрекет жасаған. Осылайша ол өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қатер төндірді.
Полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату жөніндегі заңды талаптарына бағынбаған жүргізуші Фурманов ауылы бағытына бет алған. Соған қарамастан, колонна белгіленген межеге ешқандай оқиғасыз жеткізілді.
Кейін құқық бұзушы анықталып, оның Арқалық қаласының 37 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Сот шешімімен ол жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіргені және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағаны үшін кінәлі деп танылып, 117 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Айта кету керек, осы тәулікте полиция қызметкерлері "ҚазАвтоЖол" мекемесімен бірлесіп, аталған жол учаскесінде 300-ден астам автокөлікті қауіпсіз түрде алып өтті.
Полиция азаматтарды қолайсыз ауа райы жағдайында жол қозғалысына қойылған барлық шектеулерді қатаң сақтауға шақырады. Себебі бір ғана ойланбай жасалған манёврдің өзі ауыр әрі қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.
