Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында полицейлер арасында жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша чемпионат өтті

Ведомстволық полигонда қостанайлық тәртіп сақшылар арасында үздік мергендерді анықтау мақсатында жауынгерлік қарудан оқ ату турнирі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауқымды жарысқа аппарат пен аумақтық бөлімшелерден жасақталған командалар қатысты. Жарыс ережесіне сәйкес қатысушыларға табельдік қару – Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан оқ ату шеберлігін көрсету керек болды.

Салтанатты рәсімде «Динамо» дене-шынықтыру спорт қоғамы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Виктор Чернявский құттықтау сөз сөйледі. Ол полицейлердің атыс дайындығын жетілдіру үшін осындай іс-шаралардың ерекше маңыздылығын атап өтті.

Айта кету керек, осы біріншілікте үздік деп танылғандар республикалық жарыста полиция департаментінің намысын қорғайтын болады. Жарыс қорытындысы бойынша департаменттің оқу-жаттығу взводынан құралған команда үздік деп танылды. Екінші орынды ЖҚАЖ қызметкерлері алса, үздік үштікті мамандандырылған күзет қызметі басқармасының командасы түйіндеді.

Ал аумақтық бөлімшелер арасында бірінші орынды Қарасу ауданының полиция бөлімі иеленді. Екінші орын – Қарабалық, ал үшінші орынды Жітіқара командасы місе тұтты. Тартысты ойын өрнегін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінгендер медальдармен және кубоктармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру