Қостанай облысында жол-көлік оқиғаларын азайту үшін жолды тарылту әдісі қолданылуда
Қостанай облысында жол-көлік оқиғаларын азайту үшін жолды тарылту әдісі қолданылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру шаралары жалғасуда. Алты ай бұрын енгізілген жаңа тәсілдердің бірі — апаттық қауіпті учаскелерде жол жолағын жасанды түрде тарылту.
ҚР ІІМ ұсынған бұл бастама оң нәтиже көрсетуде. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қостанай — Әулиекөл — Сұрған және Қостанай — Рудный — Денисов бағыттарындағы пилоттық учаскелерде жүргізушілердің әрекетінде өзгеріс байқалады.
Автомобилистер бұрынғыдан мұқият жүріп, жылдамдықты жиірек төмендетіп, жол жағдайына барынша назар аудара бастады. Әдістің негізінде визуалды әсер жатыр: уақытша қоршаулар арқылы жолдың жүру бөлігі жасанды түрде тарылтылады.
Мұндай шешім жүргізушілерге психологиялық ықпал етеді. Осылайша олар инстинктивті түрде жылдамдықты азайтады. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізеді. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл Еуропаның бірқатар елдерінде кең қолданылып, тиімді құрал ретінде танылған. Қазақстан да осы практиканы жол инфрақұрылымына енгізе бастаған елдердің қатарында.
Полиция департаментінде атап өткендей, әдісті қолданудағы басты мақсат — жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ал жүргізушілерге қосымша кедергі жасау емес.
