Қостанай облысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 16 мыңнан астам дерегі анықталды
Қостанай облысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 16 мыңнан астам дерегі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген бақылау жүргізуде. Жол апаттарының қайғылы статистикасы құқық қорғау органдарын алаңдатып отыр. Ведомствоның мәліметінше, жүргізушілердің көлік тәртібі әлсіреген.
Жыл басынан бері аймақта 125 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан екі адам көз жұмды, 193 азамат түрлі дәрежедегі жарақат алды. Жол апаттарының басым бөлігі – соқтығысулар (47%). Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерді қағып кету (42%), көліктің аударылуы және кедергілерге соғылу жағдайлары жиі кездескен.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицейлер кешенді шаралар қабылдады. Жыл басынан бері өңірде 16 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі анықталды, оның 31,4%-ын автоматты жүйелер тіркеген.
Ереже бұзушыларға қолданылған шаралар:
16 жүргізуші қарсы жолаққа шыққаны үшін 6 айға жүргізуші куәлігінен айырылды;
120 адам мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды;
600-ге жуық адам көлік жүргізу құқығынан айырылса да, рульге отырғаны үшін жауапкершілікке тартылды;
5 мыңға жуық жүргізуші жылдамдықты асырғаны үшін жазаға тартылды (оның 4 мыңын автоматты жүйелер анықтады);
550 жүргізуші маневр жасау ережелерін бұзған.
Жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында өңірде жасырын патрульдеу әдісі қолданылып келеді. Жыл басынан бері осы әдіспен 1,5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Айта кетейік, жасырын патрульдік көліктер елді мекендерде де, тас жолдарда да қозғалысты бақылайды.
Бұдан бөлек, республика көлемінде "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Қостанай облысының полицейлері бұл шара аясында автожолдар мен жол инфрақұрылымы нысандарын тексеруге, сондай-ақ шетелдік нөмірлі көліктердің заңсыз тасымалдауын анықтауға ерекше назар аударады.
Полиция жол қозғалысының барлық қатысушыларын ережелерді қатаң сақтауға шақырады. Қауіпсіздік – баршаның ортақ жауапкершілігі.