Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында жол сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралар

Қостанай облысында көшені жарықтандырмағаны және мұздан тазартпағаны үшін әкімдіктер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облыстық ПД-ның жол-техникалық инспекциясы 2024 жылғы жұмыстың қорытындысын жариялады. Өңірдегі жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдардың ұзындығы 11 мың шақырымнан асады.

Жыл ішінде инспекция 54 200 шақырымды қамтитын 3,5 мыңнан астам автожолды тексерді. Нәтижесінде, полицейлер анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 4 мыңға жуық ұйғарым шығарды.

Жолдардың жай-күйіне қатысты ең өзекті мәселелер — жол белгілерінің болмауы немесе тозуы, бағдаршамдардың дұрыс жұмыс істемеуі, жол бойындағы жарықтың жеткіліксіздігі, жол жабындысындағы ақаулар (шұңқырлар мен ойықтар), сондай-ақ қар мен мұздың уақтылы тазаланбауы.

Тексеру нәтижесінде 482 лауазымды тұлға, соның ішінде әкімдер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының басшылары жауапқа тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 7,8 млн теңгеден асты.

2024 жылдың тамызында полиция облыстық маңызы бар үш автожолға (Ұзынкөл – Сарыкөл, Қостанай – Введенка, Рудный – Қашар – Федоров) жол белгілерін уақтылы орнатпағаны үшін облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілін әкімшілік жауапқа тартты.

Қараша айында Қарасу кентіндегі Советская көшесінде қайғылы оқиға орын алды. 60 жастағы Volkswagen автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетіп, ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тергеу барысында бұл учаскеде жасанды жарықтандырудың жоқтығы және жол жиектерінде мұз бен қар үйінділерінің болуы апатқа ықпал еткенін анықтады.

Сараптама жүргізушінің соқтығысудан құтыла алмағанын көрсетті. Аталған іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанымен, жергілікті билік жолды дұрыс күтпегені үшін жауапқа тартылып, 15 АЕК (55 380 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

2024-2025 жылдардағы қысқы маусымда полиция 500-ден астам тексеріс жүргізіп, қар мен мұздың уақтылы тазаланбауына қатысты бірнеше нұсқама берді. Нәтижесінде, мердігерлік ұйымдардың 40 өкілі мен мемлекеттік органдардың 7 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қостанай облысында автожолдардың теміржолмен қиылысатын 171 өткелі бар. Полицейлер 493 теміржол өткелін тексеріп, 500-ге жуық ұйғарым шығарды. Басты бұзушылықтар — қажетті жол белгілерінің болмауы, тозған төсеніштер және жарықтандыру құралдарының ақаулары. Бұл кемшіліктерді жоймағаны үшін 78 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Қостанай облысының жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Полиция анықталған кемшіліктерді жоюға ерекше мән беріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін белсенді шаралар қабылдауды жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру