Қостанай облысында жолдарды патрульдеу жұмыстары күшейтілді
Қостанайлық полицейлер жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін патрульдеу жұмыстарын күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың жолын кесу және анықтау үшін полиция облыс орталығында патрульдеуді күшейтті.
Қостанай қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Марат Сахратовтың айтуынша, кеше патрульге 40 автопатруль шыққан. Қабылданған шаралардың арқасында 139 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар жылдамдықты асырған, көлік жүргізу барысында телефонмен сөйлескен, қауіпсіздік белдігін тақпаған, бір жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды. Бұзушылықтар үшін 11 автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылды.
Жыл басынан бері облыс орталығының аумағында 80 жол апаты болған. Қайғылы оқиғадан бес адам қаза тауып, 87 адам жараланды. Статистикаға сәйкес, бүгінгі таңда облыс жолдарында 240 мыңға жуық автокөлік пайдаланылуда. Жыл басынан бері облыс полициясы 48 мыңға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесті. 1,8 млрд теңге айыппұл салынды. Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 707 жүргізуші ұсталды. Олардың 257-сі жүргізуші куәлігінен айырылып, 310-ы қамауға алынды.
Мұндай іс-шараларды полиция қызметкерлері тұрақты негізде, оның ішінде өңірдің басқа да қалаларында өткізетін болады. Патрульдеу кезінде жасырын патрульдеу әдісі де қолданылады. Оны қолданудың арқасында облыс орталығының жолдарында ЖКО-да қаза тапқандар саны 44%-ға азайды.