Қостанай облысында жүк көліктің жүргізушісі полиция бекетін айналып өтпек болып, жолдан шығып кетті
Қостанай облысында жүк көліктің жүргізушісі полиция бекетін айналып өтпек болып, жолдан шығып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аймақта бір апта бойы қатты аяз болды. Ауа температурасы төмен болғандықтан, облыстық және республикалық маңызы бар жолдар жүк және қоғамдық көліктер үшін жабылды.
13 желтоқсанда Меңдіқара ауданында 26 бас ІҚМ тасымалдаған КАМАЗ жүргізушісі Қостанай – Введенка айналма жолында полиция бекетін айналып өтпек болып, көктайғақ салдарынан кюветке түсіп кетті.
Меңдіқара полиция бөлімінің осы бағыттағы жолды жауып тастаған қызметкерлері көмекке барды. Жүргізуші мен жануарлар зардап шеккен жоқ. Ірі қара малды тасымалдау құжаттарын тексеру кезінде тәртіп сақшылары заң бұзушылықтарды анықтады. 11 бас мал үшін анықтамалардың мерзімі өтіп кеткен. Жиналған материал сот талқылауына, ветеринарлық инспекцияға жіберілді.
Полицейлер жүргізушіге көмек көрсетіп, таңертеңге дейін жүк көлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Таңертең көлік кюветтен аман-есен шығарылды.
Осы оқиғадан бір күн бұрын, Лисаков қаласының Октябрь кентінің маңында учаскелік полиция инспекторы Данабек Игімбердиев таңертеңгі сағат бесте қарда тұрып қалған көлікті сүйреп апарды. Жүргізуші мен жолаушы полицейге көмегі үшін алғыс айтты. .