Қостанай облысындағы ҚАЖД мекемесінде жаңа өндірістік ғимараттар пайдалануға берілді
Қостанай облысындағы ҚАЖД мекемесінде жаңа өндірістік ғимараттар пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының №38 түзету мекемесінде Мемлекет басшысының құқық қорғау жүйесін жаңғырту және сотталғандарды еңбекпен қамту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында екі жаңа модульдік өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды.
Жылдам тұрғызылатын нысандардың жалпы аумағы 900 шаршы метрді құрап, әрқайсысы 450 шаршы метрді қамтиды және толықтай пайдалануға берілді. Бұл бастама өңірдегі түзеу жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеудің тиімді құралдарын дамытуға бағытталған.
Жаңа өндірістік алаңдарда бірнеше ірі кәсіпорын жұмысын бастайды. Олар келесі бағыттар бойынша өнім өндіреді:
-
ДМП панельдерін дайындау;
-
корпустық және жұмсақ жиһаз өндірісі;
-
брусчатка шығару;
-
биг-меш қаптары мен жеңіл құрылыс панельдерін жасау;
-
фин технологиясы бойынша құрастырмалы-қаңқалы үйлерге арналған құрылыс элементтерін өндіру.
Жобаның іске асуы нәтижесінде 150 сотталған адам тұрақты жұмыспен қамтылып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге, әлеуметтік бейімделуге және бостандыққа шыққаннан кейін еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік алады.
Ашылған нысандарға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері — аппарат басшысы М.Сандыбаев, мәслихат төрағасы С.Ищанов, қоғамдық байқау комиссиясының депутаттары, ҚАЖ ардагерлері мен қызметкерлері, сондай-ақ серіктес кәсіпорындардың басшылығы қатысты.
Жаңа ғимараттар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, сотталғандарды еңбекке тарту арқылы олардың қоғамға қайта бейімделуін тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді.
