Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысының шекаралас аудандарындағы полиция қызметінің барысы бағаланды

Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин шекаралас аудандардағы полиция қызметінің жай-күйін бағалау мақсатында жұмыс сапарын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол Қарабалық және Федоров аудандарының полиция бөлімдеріне барып, материалдық-техникалық базамен танысып, жеке құраммен кездесулер өткізді.

Ерлан Файзуллиннің айтуынша, Қарабалық пен Федоров аудандары маңызды көлік тораптары болып табылады. Бұл аудандар арқылы күн сайын көлік ағыны үздіксіз өтетіндіктен, жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеттері – көші-қонды бақылау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол ережелерінің сақталуын бақылау.

– Сіздердің аудандарыңыз тек шекаралық аймақ қана емес, сонымен қатар транзиттік өңірлердің қатарына жатады. Бұл жерлердегі қауіпсіздік мәселелері ерекше жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан көлік қозғалысын тиімді бақылау үшін барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдалану қажет, – деп атап өтті департамент басшысы.

Екі ауданның жедел ахуалын талдаған Ерлан Файзуллин тек құқық бұзушылық фактілеріне жауап беріп қана қоймай, олардың алдын алу шараларын белсенді түрде жүргізу қажеттігін баса айтты. Ол құқық қорғау органдарының жұмысын заманауи сын-тегеуріндерге сай жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

– Біздің қызметіміз қоғамдағы тұрақтылықты алдын алу шаралары арқылы қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Құқық бұзушылықтың салдарымен күресуді ғана емес, оның түпкі себептерін анықтап, жоюды да басты міндет етіп қоюымыз қажет, – деді Ерлан Файзуллин.

Оның пікірінше, полицияның тиімді жұмысы халықпен өзара іс-қимылдың заманауи әдістерін енгізу мен үздіксіз жетілдіруді талап етеді.

Жұмыс сапары барысында полиция бөлімдерінің материалдық-техникалық базасына ерекше көңіл бөлінді. Ерлан Файзуллиннің айтуынша, заманауи техника мен қажетті жабдықтар – полицияның тиімді жұмыс істеуінің кепілі.

– Қызметкерлеріміз кез келген жағдайға жедел әрекет етіп, өз міндеттерін толық орындауы үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталуы тиіс. Әсіресе, көлік қозғалысы қарқынды аудандарда бұл мәселе өте маңызды, – деп атап өтті полиция басшысы.

Ведомство басшысы азаматтардың сеніміне ие болу – құқық қорғау органдарының табысты жұмысының басты шарттарының бірі екенін айтты. Ол полиция қызметкерлерін тұрғындардың өтініштеріне уақытылы және мұқият жауап беруге, халықпен ашық қарым-қатынаста болуға шақырды.

Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Адам көп жиналатын орындарда тәртіпті қамтамасыз ету үшін қосымша нарядтар бөлінеді. Сонымен қатар, жедел басқару орталықтарының бейнебақылау жүйелері арқылы бақылау күшейтіледі.

Сапар соңында Ерлан Файзуллин Қостанай облысы полиция қызметкерлерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, оларға денсаулық, отбасылық амандық және жауапты қызметтерінде табыс тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру