Қостанай облысының тәжірибелі криминалистері курсанттармен біліктілігімен бөлісті
Қостанай облысы ПД-ның тәжірибелі криминалистері курсанттармен біліктілігімен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының криминалистикалық полигонында тәжірибелік сабақтар өтті. Олар Қостанай облысының полиция департаменті мен академия арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған.
ПД жедел-криминалистикалық басқармасы бөлімінің бастығы Алексей Темный курсанттарға өз білімі мен тәжірибесімен бөлісті.
Сабақ барысында заманауи криминалистикалық технологияларды қолдануға ерекше көңіл бөлінді. Маңызды сәттердің бірі биологиялық шығу тегі жасырын дақтарды анықтауға арналған «Crime-lite» жарық көздерінің жиынтығын көрсету болды. Бұл жоғары технологиялық құрал криминалистердің арсеналында маңызды элементке айналды. Себебі ол тергеу сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
«Crime-lite 42S» және «Сrime-lite 2» жарық көздері инфрақызыл және ультракүлгін спектрлерде жұмыс істейді және арнайы жарық сүзгілерімен жабдықталған. Бұл криминалистерге қылмыс орнында қалуы мүмкін көзге көрінбейтін биологиялық іздерді анықтап қана қоймай, егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік береді. Бұл технологияларды қолдану құқық қорғау органдарының тиімділігін едәуір арттырып, қылмыстарды дәлірек тергеуге ықпал етеді.
Курсанттар практикалық жаттығуларға белсенді қатысып, сұрақтар қойды және жабдықты нақты жағдайда қолданудың әртүрлі сценарийлерін талқылады. Тәжірибелі криминалистер мен болашақ мамандар арасындағы бұл өзара іс-қимыл теориялық білімді іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін оларды дайындаудың маңызды бөлігіне айналды.
Полиция департаменті мен Академия арасында жасалған ынтымақтастық туралы Меморандум білікті кадрларды даярлау мәселелерінде білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын көрсетеді. Мұндай іс-шаралар білім деңгейін арттыруға ықпал етіп қана қоймай, қазіргі жағдайда жұмыс істеу үшін қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастырады.