Қостанай облысының тұрғындары жеке куәліктерін алды
Федоров ауданының полиция бөлімі көші-қон қызметінің қызметкерлері ауданның бірнеше тұрғынына жеке куәлік алуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы Федоров ауданы Новошумное ауылында тұратын Солтүстік Қазақстан облысында туған, 41 жастағы Анна Кирнос туу туралы куәлігінің жоғалуына байланысты ҚР азаматының жеке куәлігін уақтылы ала алмаған. Оған құжатын алуға көші-қон қызметінің инспекторы Индира Исина көмектесті. Полиция қызметкерлерінің көмегінің нәтижесінде Анна Кирнос 2020 жылы туу туралы куәлігін қалпына келтірді. Ол биылғы жылдың қаңтар айында жеке куәлігін алып, Қазақстан Республикасының азаматы атанды.
Федоров ауданының тағы бір тұрғыны жеті жыл бойы тиісті құжаттарын ала алмаған. 23 жастағы Валентина Ерюкова Индира Исинаға Қазақстан Республикасының азаматтығын растауға және куәлік алуға көмектескені үшін алғысын білдірді.
Осы уақытқа дейін жеке куәліксіз жүрген Федоров ауданы Жаркөл ауылының 27 жастағы тұрғыны Николай Новокшеновтің де жағдайы осындай. Бұл мәселені шешуге Федоров ауданы полиция бөлімінің көші-қон қызметінің қызметкері Елена Ковалева көмектескен.
Көптен күткен жеке құжаттарын алған аудан тұрғындары полиция қызметкерлеріне сапалы және адал жұмысы үшін алғыстарын білдірді.