Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай өңірлік университеті студенттері полиция қызметінің қыр-сырымен танысты

Қостанай өңірлік университетінің студенттері Қостанай облысы полиция департаменті қызметкерлерімен болған кәсіби бағдар беру кездесуінде құқық қорғау органдарындағы қызметтің қыр-сырымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл кездесуде тәртіп сақшылары полиция қызметінің басты бағыттары мен міндеттері, сондай-ақ қызметке үміткерлерге қойылатын талаптар жайлы кеңінен баяндады. Әңгіме барысында тұрақты жалақы, әлеуметтік пакет, мансаптық өсу және біліктілікті арттыру мүмкіндіктері де талқыланды.

Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Берік Ержановтың айтуынша, полиция қызметі — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, жылдам шешім қабылдауды, командалық жұмысты қажет ететін жауапты әрі серпінді мамандық. Ол ішкі істер органдарындағы қызметтің кәсіби дамуға, әлеуметтік қорғауға, сондай-ақ еңбек өтіліне байланысты зейнетақымен қамтылуға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Кездесу барысында студенттер дене шынықтыру талаптары, тестілеу процедуралары, оқуға және біліктілікті арттыруға қатысты сауалдарын қойды. Полиция қызметкерлері олардың әр сұрағына жан-жақты жауап беріп, қызметке орналасу тәртібі мен құқық қорғау органдарындағы мансаптық болашағы жайында әңгімеледі.

Кездесу қызықты бағдарламамен толықты: кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің шеберлігін көрсетті, ІІМ Қостанай академиясының курсанттары мастер-класс өткізді, ал арнайы жедел әрекет ету жасағының жауынгерлері қоян-қолтық ұрыстың айла-тәсілдерін көрсетті. Кездесу полиция қызметкерлері орындаған патриоттық әндермен әсемделіп, әсерлі нотада аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру