Қостанай полицейлері аязда жолда қалып қойған шетелдік жүргізушілерге көмектесті
Қостанай полицейлері аязда жолда қалып қойған шетелдік жүргізушілерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қамысты ауданының полицейлері аязды күні қиын жол жағдайына тап болған фураның жүргізушісіне көмектесті. Жүк көлігінің жүргізушісі Ресейден Өзбекстанға жолға шыққан. Қостанай – Қарабұтақ автожолының 304-шақырымында ер адам рөлді басқара алмай, кюветке түсіп кетті.
Оқиға орнына бірден Қамысты полицейлері келді. Олар қажетті арнайы жол техникасын тауып, жолды бірнеше күн бойы тазартты, алайда ауыр жүкті тартып шығару мүмкін болмады.
Жүк көлігін Қостанайдан облыстық ПД әкімшілік полициясы жіберген шынжыр табанды техниканың көмегімен ғана шығару мүмкін болды.
– Қиын жағдайда көрсеткен көмегі үшін полицейлерге үлкен рақмет. Мен жолда 5 күн тұрдым. Далада қатты аяз еді, бізді баспана және тамақпен қамтамасыз етті. Полиция қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін, оларға қызметте табыс тілеймін, – деді Өзбекстан азаматы Ильхом Махмудов.
Бұл жағдайдан басқа қамыстылық полицейлер Түркия азаматына да көмек көрсетті, оның жүк көлігі де кюветке түскен болатын.
Жалпы, аудан полицейлері ауа температураның төмендеуіне байланысты жанармай немесе тежегіш жүйелері қатып қалған тағы 7 ауыр жүк көлігінің жүргізушілеріне көмектесті.