Қостанай полицейлері теміржол вокзалында есірткіге қарсы акция өткізді
Облыс орталығының теміржол вокзалында «Есірткісіз болашақ» акциясы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және Қостанай станциясындағы полицияның желілік бөлімінің қызметкерлері көлік прокуратурасының өкілімен бірлесіп есірткіге қарсы акция ұйымдастырды.
Желілік бөлімнің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Нұрлан Кушкарбаевтың айтуынша, жыл басынан бері теміржол станцияларында есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 4 қылмыстың жолы кесіліп, 110 грамнан астам тыйым салынған зат тәркіленген.
Мысалы, маусым айында Қостанайда теміржол жолдарында жергілікті тұрғын ұсталып, тінту барысында ақ түсті ұнтағы бар полимерлі бума тәркіленді. Сараптама нәтижесінде синтетикалық есірткі – мефедрон болды. Есірткі заттарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Акция барысында полицейлер вокзалға келушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Есірткіге жол жоқ» деген жазуы бар футболкалар мен бас киімдер таратылды.
Вокзалға жиналғандар департаменттің кинологиялық қызметінің қызметтік-іздестіру иттерінің өнерін тамашалады.
«Іздеу» командасы бойынша қызметтік бельгиялық овчарка – Тесла тапсырманы орындай бастады. Сөмкелердің бірінен оған есірткі затын табу керек болатын. Иісшіл ит алдымен барлық мүмкін «орынды” иіскеп, содан кейін ол есірткі заты жасырынған сөмкенің қасына тұрды. Кинолог Диас Игликов осы үшін оны мадақтап, сүйікті ойыншығын берді.
Айта кету керек, Тесла есірткі заттарын іздеуге маманданған. Ол барлық дағдыны Алматыдағы кинологиялық орталықтан үйренген.
Ұйымдастырушылар профилатикалық акцияны теміржол вокзалының ғимаратында өткізумен шектелмеді. Олар акцияны Қостанай – Алматы бағытында жүретін пойыздың вагондарында да ұйымдастырды.
Полицейлер жолаушыларға есірткінің зияны туралы айтып жатқанда, Тесла тыйым салынған заттарды табу мақсатында сөмкелерді иіскей бастады. Нәтижеге сай, олар заңға бағынатын азаматтар болып шықты.
ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ерадилова өңірде жыл басынан бері 60 келіден астам түрлі есірткі, оның ішінде 4 келіге жуық синтетикалық есірткі заңсыз айналымнан тәркіленгенін атап өтті.
Полицейлер азаматтармен осындай түсіндіру акцияларын жиі өткізеді.