Қостанай полицейлері жанармайы таусылып, жолда қалған ресейлікке көмектесті
Қостанай полицейлері жанармайы таусылып, жолда қалған ресейлікке көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы ПД патрульдік полиция ротасының полицейлері жолда жанармайы таусылған Ресей Федерациясының тұрғынына көмектесті. Ресей азаматы Юрий Рылко мереке күндері отбасымен Қостанай облысына қонаққа келген. Қарабалық кентіне жетіп, ол рубльді теңгеге ауыстырып алу ойы болған. Алайда айырбастау пункті мереке күндері жұмыс істемеген. Осыған байланысты жанармай алуға мүмкіндігі болмаған.
Көрші елдің тұрғыны Федоров ауылына барып, валютаны айырбастап алу туралы шешім қабылдаған. Алайда орта жолға жете бергенде көлігінің жанармайы таусылып қалған. Бір сағаттан астам уақыт жолда тұрып, көлігінің жылуы кете бастаған.
– Менің қуанышыма орай, полиция қызметкерлерін кездестірдім. Самат Насылбеков пен Диас Батырханов құрамындағы экипаж тоқтап, мені жұбайыммен бірге өз көліктеріне отырғызды. Жылынып алғаннан кейін полиция қызметкерлері бізді Федоров ауылындағы жанармай құю бекетіне апарды. Олар көлікке бензин құйып, бәрі жақсы екеніне көз жеткізіп, бізге сәт сапар тіледі. Көп рақмет, – деді Юрий Рылко.
Ресей азаматы Қазақстанда осындай полиция қызметкерлері жұмыс істейтінін білу қуантарлық жайт екенін атап өтті.
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Самат Насылбеков полицияда 9 жыл, ал Диас Батырханов 5 жылдан бері қызмет етеді. Олардың есебінде жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге бірнеше рет көмек көрсету фактілері бар. Айта кету керек, автопатрульдердің экипаждары күрделі жол жағдайына тап болған азаматтарға көмек көрсету үшін барлық қажетті құтқару жабдықтарымен қамтылған.