Қостанай вокзалында қоғамдық тәртіпті бұзған азамат 20 тәулікке қамауға алынды
Қостанай вокзалында қоғамдық тәртіпті бұзған азамат 20 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол вокзалын патрульдеу барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған 19 жастағы қала тұрғынын ұстады.
Тексеру барысында жас жігіттің вокзал қызметкеріне балағат сөздер айтқаны анықталды. Сондай-ақ ол полицияға жеткізу кезінде билік өкілдерінің заңды талаптарын орындамаған. Ұсталған азамат ұсақ бұзақылық жасағаны және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының шешімімен құқық бұзушыға 20 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.