Қостанайда 85 жастағы қария үйден шықпай-ақ жеке куәлігі мен төлқұжатын ауыстырды
Қостанайда 85 жастағы қария үйден шықпай-ақ жеке куәлігі мен төлқұжатын ауыстырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған маңызды бастама табысты жалғасуда. Көші-қон қызметінің мамандары денсаулығына байланысты мемлекеттік мекемелерге өздігінен келе алмайтын азаматтарға жеке куәлік пен басқа да жеке басты куәландыратын құжаттарды үй жағдайында рәсімдеуді ұйымдастыруда.
Бұл – әрбір азаматқа деген ерекше құрмет пен жанашырлықтың нақты көрінісі. Енді жеке куәлік немесе паспорт алу үшін үйден шығу қажеттілігі жоқ. Бұл әсіресе егде жастағы адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ауыр сырқатқа шалдыққандар үшін үлкен жеңілдік.
Жақында жүзеге асқан осындай шаралардың бірінде полицейлер Қостанай қаласының 85 жастағы тұрғынына жаңа жеке куәлік пен паспортты ресімдеуге көмектесті. Көз жанарынан айырылған және төсекке таңылған қария үшін барлық құжат рәсімдеу жұмыстары сенімхат негізінде оның қызы арқылы жүргізілді. Ол полиция қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы мен жеделдігі үшін шын жүректен алғысын білдірді.
– Қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл – баға жетпес көмек. Қамқорлықтарыңыз бен құрметтеріңіз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді ол ризашылығын жасыра алмай.
Айта кетейік, 2024 жылы өңірде 519 мобильді құжаттандыру шарасы ұйымдастырылса, ағымдағы жылдың басынан бері мұндай қызмет 211 азаматтың үйіне барып көрсетілген. Бұл – бастаманың маңыздылығы мен халық арасында жоғары сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі.
Полиция егер осындай қызмет қажет болса, тұрғылықты жеріңіздегі көші-қон қызметіне немесе 1414 байланыс орталығына хабарласуға болатынын еске салады.